Алматы облыстық полиция департаменті алдында Хасан Қасымбаевтың анасы Гүлнәр Нұракенова үндеу жариялады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, сізге үндей жариялаймын. Баламның ісін шешіп беруіңізді, өз қарамағыңызға алуыңызды сұраймын. Жазықсыздан-жазықсыз менің баламды қаралап отыр. Ешқандай кінәсі жоқ. Соны дәлелдеп берсін. Мен сол үшін келіп отырмын. Департамент басшысын, прокурорды осы жерде күтемін», – деді анасы.
Хасан Қасымбаевтың әйелі Зульфия Қасымбаева да оны «жаланың құрбаны» деп біледі.
«Өзімен-өзі жүрген адам еді. Оның шаруашылығы бар. Мал өсіреді. Шағын бетон зауыты бар», – деді әйелі.
Оның сөзінше, біреулерге оның ұсталғаны тиімді болуы мүмкін. Біреу бастама көтеріп, қалғандары қолдаған.
«Хасан – жау шабатын болса, ел үшін, жер үшін көкірегін бірінші тосатын адам. Әке-шешесін қарап, бала-шағасын бағып отырған азамат», – дейді тағы бір туысы.
Бүгін таңертең Алматы облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметі бұдан екі-үш бұрынғы қылмыстық іс бойынша Хасан Қасымбаев ұсталғанын хабарлады. Оған бір адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру және ұрлық үшін күдік келтіріліп отыр. Полицияның пікірінше, ол Шерзат Болаттың өліміне байланысты қамалмаған.
Айта кететін жайт, Талғардағы 16 жасар Шерзат Болат бір топ адамның қолынан қаза болғаннан кейін «хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топ туралы сыбыс тарады. Оның басшысы ретінде Хасан Қасымбаевтың аты аталған еді. Бірақ оны полиция да, Хасанның өзі де жоққа шығарды.
Десе де, жақында Алматы облысында құқық қорғау органдарының басшылары толық ауысты. Хасанның ағасы Аслан Қасымбаев та Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымы қызметінен кетті.