Ертең, 5 қарашада АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Бұл ел тарихындағы 60-шы сайлау болмақ. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, демократ Камала Харрис те, республикалық Дональд Трамп та әзірге басымдыққа ие болмай отыр. Екі үміткер таразы басын тең ұстап келеді. Соңғы кездері АҚШ-та өтіп жатқан сайлауларда бір үміткердің қарсыласын шаң қаптыруы байқалмайды. Ақ үйдің келесі қожайыны кім болары ертең анықталмақ. Алпауыт елдің билігінің ауысы Қазақстанға, жалпы, әлемге қалай ықпал етеді?
АҚШ-та сайлаудан кейін толқу бола ма?
«Дональд Трамп сайлауда жеңілсе, оның қорытындысын мойындамайды деген хабар тарап жатыр. Демек ол демократттарға сеніміздік білдіріп, «дауыс ұрланды» деп жария ету мүмкін. Сондықтан соңғы сайлау кезіндегідей дағдарысты көріп қалуымыз ықтимал. Оның жақтастары өткен сайлаудан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, Капитолийге басып кірген болатын», – дейді саясаттанушы Серік Белгібаев.
Оның пікірінше, Камала Харристің де потенциалы көп. Әйелдер қауымы тарапынан үлкен қолдау тауып жатыр. Ол жастарды қолдау арқылы да жақтастарының санын арттыруда. Бизнес, шоу-бизнестегі танымал адамдар Харристі қолдайтынын білдіріп отыр.
«Республикалық партиядан сайлауға түсіп Калифорнияның губернаторы болған Арнольд Шварценеггер Харристі қолдап, әлеуметтік желіде пікір қалдырды. Мұның өзі көп нәрсені көрсетсе керек», – дейді саясаттанушы.
Трамп Украинаны жығып бере ме?
Серік Белгібаевтың айтуынша, қай үміткер жеңсе, АҚШ саясаты былай өзгереді деп пікірі айту қиын. Бір анығы, Харрис жеңсе, оның бағыты демократиялық партияның негізгі бағытынан айнымайды. Осы уақытқа дейін Байденнің бағытынан бөтен пікір айтқан емес. Сондықтан, Харрис жеңсе, жаңа әкімшіліктің саясаты бұрынғыдай өтеді.
«Ал Трамп жеңсе, саясат туралы сөз қозғау қиындау. Өйткені, ол өте болжауға келмейтін адам. Трамп не десе де, ол Украинаның жеңілуіне жол беріп қоя алмайды деушілер бар. Өйткені, бұл жағдай оның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Ол сәтсіздікті жек көретін адам», – дейді сарапшы.
Серік Белгібаевтың ойынша, Трамп Украинаны жығып беруді қаламайтын республикалықтардың пікіріне құлақ асады. Сондықтан ол оқ атуды тоқтатуға, бітімгершілікке ұмтылуы ғажап емес.
Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
Қазақстанға әсеріне келсек, мұнайға қатысты Трамптың кесімді пікірі бар. Оны күшті мұнай лоббиі қолдап отыр. Сондықтан ол жасыл энергетикаға қарсы мәлімдемелер жасап жүр. Байден мен Харистің жасыл энергетиканы АҚШ-қа енгізу бастамаларын сынады.
Дональд Трамп билікке келсе, АҚШ-та мұнай-газ өндіруге енгізілген шектеуді алып тастауы мүмкін. Соңғы жылдары АҚШ табиғи сұйытылған газды экспорттауды қолға алуды жоспарлаған. Жаңа терминалдар салып, әлемдік нарыққа шығару көздеді. Бірақ билік бұған тыйым салып, жасыл энергетика туралы бастама көтерген еді.
«Трамп жеңсе, бұл шектеулер алынып тасталуы мүмкін. Бұл мұнай-газ нарығына әсер етеді. Яғни, баға төмендеуі ықтимал. Бұл Қазақстан үшін жағымсыз әсер етеді. Технологиялардың дамуына орай, АҚШ-та табыстылық шегі азайған. Шамамен барреліне 40-50 долларға жуық. Демек, мұнай өндіру АҚШ-та шығынды болудан қалды», – дейді саясаттанушы.
АҚШ Қытайға қарсы қандай шара жасайды?
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев қазір американың сайлаушылардың да өзгергенін айтады. Өйткені, бұл елде мигранттар көбейген. Олар үкімет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілуін қалайды.
«АҚШ-тағы сайлау бүкіл әлемге әсер етеді. АҚШ-тың қандай бағытты таңдайтыны, қай жолға түсетіні маңызды. Қазақстанға әсеріне келсек, билікке кім келсе де, Қазақстанға қатысты АҚШ-тың саясаты өзгермейд», – дейді ол.
Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, АҚШ-тың басты бәсекелесі – Қытай. Қытаймен күресу үшін түрлі шара жасайды. Бұл үшін Қытаймен шекаралас мемлекеттерге ықпал жасайды. Қытайдың оңтүстігіндегі Вьетнаммен АҚШ қарым-қатынасын жақсартып жатыр.
«Батысында Қазақстан тұр. АҚШ Қазақстанды Қытайға ықпал ету мақсатында пайдалануды көздеуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Харрис Орталық Азияның дербестігін қалай ма?
Саясаттанушы Сайын Борбасовтың пікірінше, ТМД елдері үшін Камала Харрис жеңгені пайда әкеледі.
«Камала Харрис – қара нәсілді адам. Бұл – бір. Екіншіден, әйел. Үшіншіден, прокурор болған адам ретінде әділдікті жақтайды. Миллиардер Дональд Трамп америка халқына экономикалық пайда әкелуі мүмкін шығар, бірақ халықаралық саясатқа жақсылық әкеледі деп сенбеймін. ТМД елдері үшін Камала Харристің жеңгені жақсырақ», – дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, сонда Украинаның Ресейден жеңілмеу мүмкіндігі артады. Дамушы елдерге гуманитарлық көмек күшейеді. Дайындығы жағынан да Камала Харрис Дональд Трамптан бір мысқал кем емес.
«Оның үстіне, әлемдік державаның билігіне әйел адамның келсе, әлемге жақсы өзгеріс әкеледі деп ойлаймын. АҚШ бізді өз орбитасында ұстағысы келеді. Өйткені, Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның Қытайға немесе Ресейге басыбайлы болғанына мүдделі емес. Бұл екі елдің күшейіп кетуін қаламайды. Қазір біз өзімізге-өзіміз ие болып отырмыз», – дейді сарапшы.