Атырау мұнай өңдеу зауытында бірқатар қондырғыны жөндеу жұмысы аяқталды. Зауытта еңбек режимі толық іске қосылды.
АМӨЗ бір тәулікте 14 380 тонна мұнай өңдейді. Қараша айы басталғалы 44 мыңға жуық тонна мұнайды өңдеп үлгерген.
«Мұнай өнімдерін жөнелту жұмыстары Энергетика министрлігімен бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ай басынан бері автобензиндер 8 300 тонна, оның ішінде АИ-95 маркалы автобензин 2 852 тонна, ДТ-З маркалы қысқы дизель отыны – 5 622 тонна, сұйытылған газ – 2 873 тонна көлемінде жөнелтілді. Мұнай өнімдерін жөнелту процесі кедергісіз жүргізілуде, зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Зауыт тәулігіне 4930 тонна бензин, 2 300 тонна дизель отынын, 1100 тонна сұйылтылған газ, 900 тонна авиаотын өндіруде.
Цехтарды жөндеген кезде баяу кокстеу қондырғысынан ақау табылған. Құрылғыны жақын арада іске қосу жоспарланған.
«Қазіргі таңда ЭЛТҚ АҚ-2, ЭЛТҚ-АВҚ-3, бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысы, күкірт өндіру, аралас күкірт өндіру, каталитикалық риформинг (CCR), каталитикалық крекинг, cұйытылған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру (Sulfrex), нафтаны селективті гидрогенизациялау (Prime G ), жеңіл газойльді гидротазарту (Prime D), ТАМЭ өндірісі және нафтаны гидротазарту секілді негізгі өндірістік қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деп мәлімдеді АМӨЗ.
23 қазанда зауыттың электрмен тұзсыздандыру қондырғысы-атмосфералық вакуумдық түтікше (ЭЛТҚ-АВҚ-3), бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысы және басқа жабдықтары жөнделгені мәлім болды.