Жаңалықтар

Үкімет «Ақтау теңіз портының» жұмыс істеу мерзімін 2052 жылға дейін ұзартты

Қаулы 2024 жылғы 29 қазанда күшіне енді / Фото:Portaktau.kz

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеу мерзімі 2052 жылға дейін ұзартылды. Үкіметтің 2024 жылғы 29 қазандағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының кейбір мәселелері туралы» қаулысы бекітілді.

 «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеу мерзімі нысаналы индикаторларға қол жеткізу шартымен 2052 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылсын»,- делінген құжат мәтінінде.

Құжатта АЭА қызметінің нысаналы индикаторлары жаңартылған. Осылайша, инвестицияның жалпы көлемі 2047 жылға қарай 540 млрд теңгеге, ал 2052 жылға қарай 590 млрд теңгеге жетуі тиіс. Оның ішінде 2052 жылға қарай шетелдік инвестиция 275 млрд теңгені, ішкі инвестиция 315 млрд теңгені құрауы тиіс.

АЭА аумағында тауарлар мен қызметтерді (жұмыстарды) өндіру көлемі 2024 жылғы 450 миллиард теңгеден 2052 жылға қарай 640 миллиард теңгеге дейін артуы керек.

Сонымен қатар, көрсетілген мерзімде кәсіпорындар саны 50-ден 80-ге дейін, ал жұмысшылар саны 2300-ден 4300 адамға дейін ұлғаюы тиіс.

Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы жалпы өндіріс көлеміндегі қазақстандық қамту үлесін орта есеппен 50 пайыздан  78%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Қаулы 2024 жылғы 29 қазанда күшіне енді.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров арнайы экономикалық аймақтарға көп қаржы құйған инвесторлар жер сатып алу құқына ие болатынын мәлімдеген еді.