Астанада құрылысы 13 жылдан бері жүріп жатқан LRT пойызының операторлары оқытылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
LRT-да пойыз машинисі болғысы келетіндер Қытайда тегін оқиды / Фото: kursiv.media 

Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінде пойыз операторларын (машинист) оқыту бойынша алдын ала қабылдау басталды. «City Transportation Systems» компаниясы құрылысы 13 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан LRT-да пойыз машинисі болғысы келетіндер Қытайда тегін оқытпақшы.

«City Transportation Systems» ЖШС мәліметінше, LRT құрамдары толығымен автоматтандырылған және ол пилотсыз жүреді. Ал операторлар LRT пойыз операторлары жолаушылардың қауіпсіздігін және пойыздың техникалық жағдайын бақылайды.

LRT пойыз операторларының негізгі міндеттері:  

  • барлық қауіпсіздік нормаларын қадағалау;
  • автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысын үздіксіз бақылау;
  • ақауларды анықтау және жою;
  • вагондардың электрлі жылытуды/желдетуді сақтау;
  • жолаушыларды отырғызып/түсіру тәртібін реттеу;
  • жылжымалы құрамның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.

«Оқу аяқталған соң LRT басқаруға арналған халықаралық үлгідегі сертификат беріледі.  Оқу мерзімі 1 жылға дейін. Оқыту Астана қаласы және ҚХР жұмыс берушінің есебінен жүргізіледі. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады»,- делінген хабарламада.

Үміткерлерге қандай талап қойылады?

«City Transportation Systems» ЖШС пойыз операторы болу үшін үміткердің темір жол көлігі саласындағы жоғары білімі болуы тиіс екенін мәлімдейді. Сондай-ақ локомотив машинисі қызметінде кемі 3 жыл, локомотив машинисі көмікшісі ретінде кемі 5 жыл еңбек өтілі болуы шарт.

Astana LRT қашан пайдалануға беріледі?

Еске сала кетсек, құрылысы басталғанына 13 жыл болған Astana LRT 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Жалпы нысан құрылысына Ұлттық қордан 2023 жылы – 52,4 млрд теңге, ал 2024 жылы 28,4 млрд теңге жұмсалған. Яғни Astana LRT жобасына Ұлттық қордан 80,8 млрд теңге алынған. Қазір қаржы толық игерілген.

Жеңіл рельсті желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды, 18 станса қарастырылған. 652 жолаушыға арналған 19 пойыз іске қосылады. Қозғалыс аралығы – 4-5 минут, бастапқыда тәулігіне 25 мың адам тасымалданса, кейін бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін жетпек. Төлем жүйесі көлік картасы немесе QR-код арқылы жасалады.

Астана LRT жобасы бастапқыда 2011 жылы басталып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда бірнеше рет кейінге шегеріліп, жоба әлі күнге дейін пайдалануға берілмеді. 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жобаны аяқтауды қатаң тапсырды. Ол бұл жобаны «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған» және «елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға» айналғанын сынға алды.

Сондай-ақ оқыңыз