Майнинг техникасын ұрлады деген күдікпен бір жыл бойы іздеуде болған Қарағанды облысы ПД Тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Рустам Құлкеев ұсталды. 2023 жылдың 1 желтоқстанында іздеу жарияланған жоғары шенді полицей осы уақыт аралығында өз үйінде тұрып келгені белгілі болды.
ҚР ІІМ баспасөз қызметі Құлкеевтің ұсталуына қатысты ресми пікір білдірді.
«ІІМ ӨҚД жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде іздеуде жүрген азамат Қ. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2023 жылы теріс себептермен ІІО-дан Қарағанды облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы қызметінен босатылған. Ішкі істер министрлігі өз құрамындағы кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік туралы өзінің принципті ұстанымын білдіреді және оларды жою бойынша жұмысты жалғастырады», – делінген хабарламада.
Анықталғандай күдікті бір жылдан бері Қарағандыда өз үйінде тұрып келген. Ол майнингке арналған құрылғыны ұрлады деген күдікке ілінген.
Құлкеевке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі «Ұрлық» және ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы «Қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану» баптпры бойынша қылмыстық іс тергелуде», – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Рустам Құлкеев пен Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу бөлімінің тергеушісі Қанатовтың сот қарауы кезінде майнингке арналған қылмыстық істі өте кешіктірген, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.
Облыстық полиция департаменті Құлкеевтің заттай айғақтарды ұрлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істе айыпталушы ретінде танылғанын хабарлады.
Дәлірек айтқанда, бұрынғы полиция басшысы басқа қылмыстық іс бойынша тәркіленген майнинг жабдығын ұрлады деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, Құлкеевке қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Ол қылмыстық іс қозғалмай тұрып-ақ қызметінен босатылғаны белгілі болды. Рустам Құлкеевпен бірге Қанатов есімді тергеуші де майнинг жабдығын ұрлады деген күдікке ілінген.
Рустам Құлкеев 39 жаста. Ол бұған дейін Қарағанды полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.