Биткоинге инвестиция салатын биржалық қорлардан ақша жылыстап жатыр

Жарияланды
Фото: shutterstock

Bloomberg мәліметінше, АҚШ биржаларындағы 12 биткоин қоры дүйсенбі, 4 қарашада 579,5 млн доллар жоғалтқан. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес.

Бұған дейінгі антирекорд 1 мамырда тіркелген еді. Дәл сол шақта биткоин бағасы бір аптада 10,7%-ға төмендеп, 60 мың долларға жеткен-ді. Сол кезде инвесторлар 563,8 млн долларды алып шыққан болатын.

Cointelegraph деректеріне сүйенсек, 4 қарашада көп қаржыдан айырылған қордың бірі Fidelity Wise Origin болды. Бұл қордан инвесторлар 169,6 млн долларды шығарып алған. Одан кейінгі орында ARK 21Shares қоры тұр. Одан бір күнде инвесторлар 138,3 млн долларды қалтаға басқан. Ал Grayscale-дің екі биткоин қоры жалпы көлемде 153,2 млн долларды жоғалтты.

АҚШ-тағы биткоин қорларынан қаражаттың жылыстауы 1 қараша, жұма күні басталған еді. Бұл үдеріс жеті күн қатарынан жалғасты.
CoinShares зерттеу бөлімінің басшысы Джеймс Баттерфиллдің айтуынша, бұл жағдайға АҚШ-тағы сайлаудың ықпалы бар.

Криптовалюта нарығындағы ставкалар платформасы Polymarket-те Трамптың жеңіске жету мүмкіндігі күрт өзгерген: 30 қазанда 67%-ға жеткен ықтималдық коэффициенті 3 қарашада 53,8%-ға дейін төмендеген, ал бүгінде букмекерлер оны 63% деңгейінде бағалап отыр.

Wincent криптомаркетмейкерінің аға директоры Пол Ховардтың айтуынша, АҚШ-тағы криптосаясаттағы нақты өзгерістерді сайлаудан кейін бір апта өткенде, жаңа сайланған президент әкімшілігіндегі үміткерлерді атағанда ғана бағалауға болады.
Bernstein сарапшысы Гаутам Чуганидің айтуынша, егер Трамп жеңіске жетсе, биткоин желтоқсанға қарай 90 мың долларға дейін қымбаттауы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз