Morgan Stanley компаниясының сарапшысы Майк Уилсон 2024 жылдың соңына дейін S&P 500 индексінің 6,5%-ға өсуін болжап отыр. Қытай Еуроодақтың электрмобильдерге салған тарифтеріне байланысты ДСҰ-ға шағым түсірді. Ал Германия үкіметі банкроттықтың алдында тұр.
Dow, S&P 500 және Nasdaq қор индексі АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында төмендеді
Нью-Йорк биржасында сауда-саттықтың басым бөлігі сайлау қарсаңында «қызыл аймақта» өтті. Yahoo Finance-тің хабарлауынша, сайлау нарықтар үшін үлкен қауіп төндіреді.
Сауалнамаларға сәйкес, сайлау күні қарсаңында демократтар Айовада көш бастап келеді, бұл Камала Харристің мүмкіндігін арттырады. Бұған дейін Уолл-стрит Дональд Трамптың мүмкіндігін сәл жоғары бағалаған болатын. Осыдан кейін доллар бағамы төмендеп, қазынашылық облигациялар кірісі де азайды: он жылдық облигациялардың кірісі 10 базалық тармаққа төмендеп, 4,3%-ды құрады.
Экономистердің айтуынша, сайлау «соққысын» жұмсартуға бейсенбі-жұма күндері өтетін ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлеме жөніндегі отырысы көмектеседі. Уолл-стриттің болжамы бойынша, тұрақты инфляция мен АҚШ еңбек нарығының белгісіз жағдайларына қарамастан, мөлшерлеме 0,25%-ға төмендетіледі деп күтіліп отыр.
Майк Уилсон: FOMO әсерінен S&P 500 жыл соңында 6100 деңгейіне жетуі мүмкін
Morgan Stanley сарапшысы Майк Уилсон S&P 500 индексінің 2024 жылдың соңына дейін өсетінін болжады. Себебі сайлау өткеннен кейін инвесторлар FOMO (пайданы жіберіп алудан қорқу) әсеріне тап болып, пайдасын жіберіп алмауға тырысады.
«Сайлаудан кейін нарықта құлдырау болуы мүмкін деп ойлаймын. Содан кейін жеңіске жеткен кандидатқа қарамастан, қаржылық тұрақтану орын алады», – деді Уилсон Bloomberg Television арнасына берген сұхбатында.
Оның болжамынша, 2024 жылдың соңына дейін S&P 500 индексі 6100 деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін.
Бұл жағдайда индекс қазіргі деңгейден шамамен 6,5% өсім көрсетуі ықтимал. Алайда одан әрі өсуге айқын ынталандырушы факторлар болмаса, 2025 жылдың басында индекс тоқтап қалуы мүмкін, деп санайды Уилсон.
Қытай ЕО-ның электрмобильдерге салған тарифтеріне байланысты ДСҰ-ға шағым түсірді
Bloomberg-тің мәліметіне сәйкес, Қытай Еуропалық Одақтың электрмобильдерге салған тарифтеріне байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді. Елдің Сауда министрлігі электрмобиль индустриясының «даму мүддесін қорғау» үшін ДСҰ-ның дауларды шешу механизмін қолданғанын мәлімдеді. Қытай бұл тарифтерді «сауда протекционизмі» деп атады.
«ЕО-ның бұл шешімі нақты әрі заңды негізге сүйенбейді, ДСҰ ережелерін бұзып отыр және сауданы қорғау шараларын асыра пайдалану болып саналады. Біз ЕО-ны өз қателіктерін мойындап, заңсыз әрекеттерін дереу түзетуге, сондай-ақ жаһандық электрмобильдер жеткізу тізбегінің тұрақтылығын және Қытай мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты бірлесіп қолдауға шақырамыз», – делінген Сауда министрлігінің мәлімдемесінде.
Қытайдың ресми шағымы ауқымды қақтығыс қаупін арттырып отыр. Сауда қатынастарының бұзылуы 2023 жылы 739 млрд еуроға (806 млрд доллар) бағаланған Қытай мен ЕО арасындағы ірі сауда айналымына қауіп төндіруі мүмкін.
«Біз «сауда соғыстарына» қызығушылық танытпаймыз», – деді ЕО-ның сауда қызметінің басшысы Марош Шефчович.
Германия үкіметінің банкроттыққа ұшырау қаупі өте жоғары
Үш партиялы коалиция (Социал-демократиялық партия, «Жасылдар» және Еркін демократиялық партия) арасында экономикалық және бюджет саясаты бойынша келіспеушіліктер артып келеді. Соның салдарынан альянс ыдырау алдында тұр.
CNBC мәліметінше, 2025 жылғы бюджетке байланысты көзқарастар да әртүрлі. Бейресми ақпаратқа сәйкес, партиялық альянс осы аптада ыдырауы мүмкін.
«Біз Германия үкіметінің банкроттық қаупі ешқашан дәл қазіргі жағдайдай жоғары болған жоқ деп санаймыз», – деді ING макроэкономика бөлімінің басшысы Карстен Бржески.
Коалициядағы негізгі мәселелердің бірі –Германияның 2025 жылғы бюджеті. Құжат жыл басында алғаш рет ұсынылғанымен, онда бірнеше миллиард еуроны қажет ететін шығындарды қаржыландыруға қатысты сұрақтар қамтылмаған.
Бюджет тапшылығы 2023 жылы елдің Конституциялық соты пандемия кезінде жиналған қаржыны қайта бөлудің заңсыз екенін анықтағаннан кейін пайда болды. Іс жүзінде бюджет қарашаның ортасына дейін мақұлдануға тиіс. Егер коалиция қаржы және реформа саласындағы басымдықтар бойынша келісе алмаса, үкімет ыдырауы мүмкін, бұл 2025 жылдың басында мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етуі ықтимал.