Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий Нефть» компаниясы өндіретін мұнайды «ҚазТрансойл» тасымалдай ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тимур Құлыбаев
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тимур Құлыбаевтың «Каспий нефть» компаниясы «ҚазТрансОйл» (ҚТО) акционерлік қоғамымен мұнай тасымалына қатысты қос ірі мәліме жасайды. Миллиардер мұнай компаниясына Joint Resources арқыл иелік етеді.

Компанияның директорлар кеңесі шығарған екі шешім Қазақстан қор биржасында орналастырылған. 31 қазандағы шешіміне сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ-мен «басқа мемлекеттердің аумақтары арқылы мұнай тасымалдауды ұйымдастыруға» келіспек.

Бұл ірі келісім құны компания жалпы активтерінің 10,86 пайызына тең.

2024 жылдың 1 қарашасында директорлар кеңесі тағы бір шешім шығарып, онда кәсіпорын ҚТО-мен басқа келісім жасайтыны жазылған. Бұл келісім компания өндіретін мұнайды тасымалдауға қатысты болмақ. Оның құны – компания активтерінің 8,72 пайызына тең. Ірі мәмілелерге қатысты басқа ақпарат ашық жазылмаған.

Компанияның 2024 қаңтар-маусым айларындағы шоғырландырылған есебіне сәйкес, оның жалпы активі 97 млрд теңгені құрайды. 97 млрд теңгенің 10,86%-ы – 10,5 млрд теңге.

Яғни, КursivMedia редакциясының есептеуінше, «Каспий нефть» пен ҚТО-ның сыртқа мұнай тасымалдау келісімінің құны шамамен 10 млрд теңгеден асады. Ал екінші келісімінің бағасы 8,4 млрд теңгені құрауы ықтимал.

Мұнай компаниясының 2024 жылдың 6 айындағы таза пайдасы 24,3 млрд теңгені құраған. Міндеттемелері 23,8 млрд теңгеге тең.

Биыл жазда «Каспий нефть» экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 13,6 млрд теңге айыппұл төледі. Компания 2021-2022 жылдары бұрғылау мен кен орнын пайдалану нәтижесінде 4500 тоннадан астам қауіпті мұнай қалдығын толық жоймаған.

«Каспий Нефть» – 1997 жылдан бері Каспий өңірінде жұмыс істейтін мұнай өндіруші компания. Атырау облысында орналасқан Айранкөл кен орнында шикі мұнайды барлау, өндіру, бастапқы өңдеу, тасымалдау және сатумен айналысады. Компанияның жалғыз акционері – Joint Resources, соңғы бенефициар – Тимур Құлыбаев.

Сондай-ақ оқыңыз