Қаржы министрлігі биылғы бюджетті қайта қарады: қазына кірісі 2 трлн теңгеге азайып, бюджет тапшылығы арта түскен
Қаржы министрлігі 2024 жылғы республикалық бюджетті қайта қарады. Соған сәйкес, биыл бюджет кірісі жоспардан 2 трлн теңгеге кем түспек.
«Ұлттық қордан нысаналы трансферттің қосымша тартылуына байланысты бюджет түсімдерінің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) азайды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Бюджет Кодексінің 104 және 111-баптарына сәйкес 2023 жылғы бюджет қаражатының қалдықтарын пайдалануға байланысты республикалық бюджет көрсеткіштерін түзету ескерілді. Осыған байланысты республикалық бюджеттің параметрлері тиісінше қайта қаралды», – деп жазылған құжаттың түсіндірме жазбасында.
Нақтыланған цифрларға сәйкес, республикалық бюджеттің жалпы кірісі – 20,2 трлн теңге, шығысы – 23,4 трлн теңге деп бекітіледі.
Соның ішінде бюджетке түсетін салық жоспары 15,7 трлн теңгеден 12,7 трлн теңгеге қысқарған. Яғни, биыл қазынаға түсетін салық бұған дейінгі жоспардан 3 трлн теңге кем түспек. Салықтан бөлек, республикалық бюджет:
- 1,4 трлн теңге – салықтық емес түсім;
- 6,1 млрд теңге – негізгі капиталды сатудан түсетін түсім;
- 6 трлн теңге – трансферт есебінен түсім есебінен толықпақ.
Бюджет кірісінің азаюына не себеп?
2024 жылы бюджет кірісінің азаюына бірнеше себеп көрсетілген. Атап айтқанда, бюджетттен қайтарылатын ҚҚС сомасы артқан. Биыл артық төленген 594,8 млрд теңге қосымша құн салығы қайтарылмақ. Тағы бір себеп – мұнай өндірісінің қысқаруы. Бұған дейін Қазақстан 2024 жылы 95,4 млн тонна мұнай өндіреді деп жоспарлағанымен, нақты шығарылатын мұнай көлемі 90,3 млн тоннаны құрамақ. Яғни биыл мұнай өндірісінен бюджетке 193 млрд теңге кем түседі.
Үшіншіден биыл сыртқы сауда айналымы 5,6 пайызға төмендеп, одан түсетін түсім 215 млрд теңгеге кем қалыптасқан. Одан бөлек, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде бюджетке түскен түсім есебін нақтылағанда, 2 трлн теңгеге кеміген.
Есесіне бюджет кірісі дивиденд пен мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісі есебінен – 1 трлн теңгеге, ал әкімшілік айыппұл есебінен 31,4 млрд теңгеге артқан.
Корпоративтік табыс салығы бойынша болжам 9 айындағы есептерді нақтылау есебінен 1,1 трлн теңгеге азайып, 3,6 трлн теңгені құрады. ҚҚС-қа қатысты болжамы 1,5 трлн теңгеге – 5,8 трлн теңгеге дейін азайды.
Яғни, бюджеттің салығы кемігенімен, басқа түсімдері артып, кіріс бөлігі нақты 2 трлн теңгеге азаймақ. Нәтижесінде бюджет тапшылығы тағы да 61,3 млрд теңгеге артып, жалпы 3,6 трлн теңгені құрайды. Ал мұнайға қатысы емес тапшылығы 8,8 трлн теңгеден 10,6 теңгеге жетпек. Осылайша бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы 1,7 трлн теңге артпақ.
«2024 жылға арналған республикалық бюджеттің тапшылығы ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен республикалық бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша өткен жылдың тіркелген міндеттемелерінің өтелмеген бөлігін қаржыландыру мақсатында республикалық бюджеттің 2023 жылдың соңындағы бюджет қаражатының қалдықтарын тарту есебінен 61 307 366 мың теңгеге ұлғаюмен 3 596 075 128 мың теңгені құрайды», – делінген құжатта.
Бұған дейін үкімет Ұлттық қордан қосымша 2 трлн теңге сұқратып алғаны белгілі. Нәтижесінде бюджетке қордан 3,6 трлн нысаналы трансферт, 2 трлн теңге –кепілдендірілген трансферт бөлінген.