Жаңалықтар

Қазан айында Қазақстанның өңдеу және қызмет көрсету саласындағы іскерлік индекстері төмендеді

Фото: shutterstock, бильд-редактор Дастан Шанай

Freedom Holding Corp. және S&P Global мәліметі бойынша, 2024 жылдың қазан айында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексі (PMI) 51,7 тармақты құрады. Бұл қыркүйек айындағы көрсеткіштен (52,3 тармақ) сәл төмен. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік индексі 51,1 тармақтан 49-тармаққа дейін азайған. Индекс 50-ден жоғары болса, белсенділік артқанын, ал 50-ден төмен болса, іскерлік белсенділік баяулағанын білдіреді. Бұл туралы Freedom Holding Corp. хабарламасында жазылған.

Freedom Finance Global PLC қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімовтің айтуынша, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі тұрақтылық көрсетіп, алдағы айларда өсім әлеуетін сақтап отыр. Сұраныс азайғанымен, өсім жалғасып жатыр: өндіріс пен жаңа тапсырыс көрсеткіштері қатарынан сегіз ай бойы оң мәнде қалыптасқан.

«Сонымен қатар, қазан – өндірістің биылғы қарқынды өсімі біршама баяулаған кезең ретінде де, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының күрт өсуімен ерекшеленіп тұр. Жұмыс орындарының күрт өсуі – мерзімді болжамдардың жақсаруы және жаңа келісімшарттардың жасалуымен байланысты. Тежеуші факторлардың қатарында тауар жеткізу мерзімінің ұзаруы бар. Инфляциялық қысымның әлсіреуі – жалпы оң фактор болғанымен, сатылым бағасының өсуін шектеп, кірістің артуын баяулатады», — деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазан айында Қазақстанның қызмет көрсету секторындағы белсенділік қайтадан төмендеген. Оған жаңа тапсырыстардың азаюы, жоғары бәсеке және клиенттертарапынан белсенділіктің төмендеуі себеп.

«Соған қарамастан, қызмет көрсету секторы еңбек нарығы өсіп жатқанын байқатады. Қос ай қатарынан жұмыспен қамту деңгейі артып келе жатқанымен, бұл қарқын өндіріс саласына қарағанда баяу. Шығын инфляциясының төмендеуі бағаның өсу қарқынын тежеп, соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Саладағы қиындықтарға қарамастан, нарық қатысушылары болашаққа сеніммен қарап, алдағы он екі айда жаңа келісімшарттар және инвестициялық мүмкіндіктер қалпына келеді деп тосып отыр», — деді ол.

Қазан айының басында S&P Global ұсынатын Қазақстандағы PMI® іскерлік белсенділік индексінің демеушісі Freedom Holding Corp. атанғаны хабарланған. Freedom Holding Corp-тың S&P Global-дың ұсынатын Қазақстандағы PMI® индексін шығаруға атсалысуы холдингтің жергілікті нарыққа қатысты оқиғалар туралы ашық ақпарат таратуға және балама экономикалық индикаторларды дамытуға ұмтылысын байқатады.

PMI әлемнің 40-тан астам елі мен Еуроаймақты қоса алғанда, ірі аймақтарында есептеледі. Бұл экономикалық индикатор сарапшылар мен бизнес қауымдастықтың үнемі назарында. PMI көрсеткіші жатрияланатын елдердің жапы ішкі өнімінің көлемі әлемдік көрсеткіштің шамамен 85%-ын құрайды.

Индекс Bloomberg және Thomson Reuters секілді көптеген кәсіби ақпараттық алаңда жарияланады. Орталық банктер, қаржы нарықтары мен компания басшылары осындай, ең соңғы, нақты және бірегей экономикалық белсенділік көрсеткіштерін назарда ұстайды.