Жаңалықтар

Тоқаев АЭС салуға қатысты референдум шешімі қазақ-француз қарым-қатынасына қалай әсер ететінін айтты

АЭС референдумы Қазақстан-Франция қатынасына қалай әсер етеді
АЭС референдумы Қазақстан-Франция қатынасына қалай әсер етеді / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапарының қарсаңында Le Figaro басылымына мақала жариялады. Мұнда Қазақстан дипломатиясы, Франциямен қарым-қатынасынан бөлек, екі елдің қандай салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін атап өткен.

«Президент Эммануель Макронның өткен жылдың қараша айында Астанаға сапары барысында біздің елдеріміз сирек жер металдары, жаңартылатын энергия көздері және азаматтық атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға өзара қызығушылық танытты, бұл біздің стратегиялық әріптестігімізді кеңейту үшін жаңа перспективалар ашады», – делінген мақалада.

Тоқаев Қазақстанда өткен АЭС салуға қатысты референдумдағы оң шешім болашақта екі елдің ынтымақтастығына берік негіз қалайтынын жазып, станцияның энергетикалық қауіпсіздіктінығайтуға әсер ететінін атап өткен.

Мақалада президент Қазақстанның табиғи уран өндірісінен әлемдік көшбасшысы бола отыра, екі елдің атом өнеркәсібіндегі серіктестігін әрі қарай жалғастыруға мүдделі екенін айтқан. Францияның ғана емес күллі Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды аспектісі екенін жаза кеткен.

Президент мақаласында қазіргі ғаламдық геосаяси жағдай ушығып тұрғанда БҰҰ тығырыққа тірелгенін де жазған. Әлемдік саясаттағы өзгерістің бір лебі ретінде Тоқаев орта державалар рөлінің өсіп келе жатқанын атап өткен. Қазақстанда орта держава ретінде өзінің дипломатиялық миссиясын орындап, көптеген шиеленістер кезінде келісімге келу алаңына айналғанын жазған.

Бұдан бөлек, Тоқаев Макронның экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарын қолдайтынын да атап өткен. Қазақстанның орнықты даму мақсаттарының қатарында 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу барын жазған.

Айта кетейік, Тоқаев 5 қарашада Францияға ресми сапармен барды. Оны Париж әуежайында елдің сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро күтіп алды. Ертең президент Эммануель Макронмен кездеседі.

6 қазанда Қазақстан АЭС салуға қатысты референдум өтіп, дауыс берушілердің 71,12% жобаны бастауға келісім берген. Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялар қатарында француздық EDF айтылып жүрген.