Lifestyle

Сағынтаевтың күйеу баласынан тәркіленген коттедж аукционнан алынып тасталды

Бақыт Ибрагимнен
Бақыт Ибрагимнен тәркіленген коттедж аукционнан алынып тасталды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қайтыс болған күйеу баласы Бақыт Ибрагимнен тәркіленген коттедж электронды аукционнан алынып тасталған.

Құны 380 млн теңгеге бағаланған ғимараттың аукционы 5 қарашада өтуі тиіс болған. Алайда аукцион өтпей қалды. Ғимаратты сауда-саттыққа Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы шығарған.

«Сауда-саттықтар басталуына дейін жойылды», – деп түсіндірген себебін Е-қазына жүйесінде.

Аукцион күні 2024 жылдың 21 қараша деп ауыстырылған. Алайда жаңа сауда-саттық туралы хабарлама жария болмаған.

Фото: скрин Е-Қазына

Шымбұлақ тау-шаңғы курортына апарар жолда орналасқан коттеджді сатып алу үшін 57 млн теңге кепілдік жарна құю керек.

«Сатылымға шыққан ғимарат 2003 жылы салынған. Жалпы аумағы 272,5 шаршы метр. Алматының жоғары бөлігінде, яғни Медеу ауданындағы Керей мен Жәнібек хан көшесінде орналасқан. Ұсынылған бағасы — 380 323 243 теңге», — деп жазылған хабарландыруда.

2017 жылға дейін Qazaq Bank-тің директор кеңесінің төрағасы болған Бақыт Ибрагим 2018 жылы Bank RBK-дан қаржы жымқырды деген күдікпен Германиядан экстрадицияланып, 8 жылға сотталған. 2024 жылы мерзімінен бұрын босап, наурызда қайтыс болған.

Ол қазір Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызы Меруерт Әбдірмен некеде болған. Bank RBK ісі бойынша тергеу басталғаннан кейін бұрын Ибрагим фамилиясында болған Меруерт тегін Әбдір деп өзгерткен.

Bank RBK ісі аясында Бақыт Ибрагиммен қоса, банк негізін қалаушы Жомарт Ертаев тергеліп, 9 жылға сотталған.