Алматы қаласы Медеу ауданының соты «Алматы бас жоспары» ЖШС бас директорының орынбасарын Сәкен Өмірәліұлын 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса, ол өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Өмірәліұлы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткені үшін қалалық жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына 9,6 млн теңге көлемінде пара беруге жергілікті кәсіпкерді көндіріп, арандатқаны үшін кінәлі деп танылған.
Іс туралы
2023 жылдың маусым айында кәсіпкер Мұхаметов Алматыдағы Әбіш Кекілбайұлы көшесі, 28/2 мекенжайында сауда нысанының құрылысын бастап, өз мүддесін қорғау үшін Шаяхметов-ке сенімхат береді. Шаяхметов ғимаратты жатақхана ретінде пайдалану үшін жоба мақсатын өзгертудің жолын сұрап, «Алматы бас жоспарында» жұмыс істейтіні танысы Сәкен Өмірәліұлына жүгінген.
Өмірәліұлы учаскенің мақсатын өзгертуге өзі көмектесе алмайтынын, дегенмен қалалық жер қатынастары басқармасының қызметкерлеіне 20 мың доллар беріп, істі шешіп алуға болатынын айтады. Тараптар келіскеннен кейін – Өмірәліұлы жер учаскесінің меншік иесі Мұхаметовтың ЭЦҚ кілтін сұрап, әкімдікке нысаналы учаскені өзгертуге өтініш берген. Жер қатынастары басқармасы өзгерісті бірден үйлестірген. Себебі мұндай өзгеріс жасауға заңмен ешқандай шектеу қойылмаған.
Яғни Өмірәліұлы айтылған сомманы ешқандай басқарма өкілдеріне бермей, өзі иеленуді мақсат еткен.
Шаяхметов Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне Өмірәліұлының пара беру талаптары туралы арыз жазған. 10 қыркүйекте учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту үшін ешқандай жұмыс істемесе де, Өмірәліұлы 2 млн теңгені талап етіп, қаулы сомманы толық бергенде шығатынын айтқан.
12 қыркүйекте Алматыдағы «Рамстор» сауда үйінің тұрағында Шаяхметовтен 7 600 000 теңге алған. Алайда оның әрекетінен хабардар болған Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі сомманың бір бөлігі, дәлірек айтқанда, 7 440 000 теңгенің орнына жалған купюралар берген. Өмірәліұлы сол күні қамауға алынған.
Сотта ол кінәсін мойындап, қылмысты ақымақтықпен жасағанын айтып, өкініш білдірген.