Air Astana компаниясы қандай жағдайда қомақты дивиденд төленетінін жария етті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Air Astana дивиденд төлей ме? / Архив: kursiv.media

Air Astana 2025 жылы акционерлеріне қомақты дивиденд төлей ме? Бұл сұраққа компания бас директоры Питер Фостер арнайы брифинг барысында жауап берді.

Оның айтуынша, дивидендтер 2024 жылға арналған қаржылық және операциялық нәтижелер бойынша төленеді. Егер олар қазіргіден төмен болмаса және 2025 жылдың бірінші тоқсанының нәтижелері бойынша, компания жақсы көрсеткіштерді тіркесе дивидендтер төленуі мүмкін.

«Әрине, біз саладағы жағдайға назар аударамыз. Дегенмен, компанияның қаржылық жағдайы қазір өте жақсы. Қарыз бойынша көрсеткіштер тұрақты. Компанияның жұмысы жақсы. Алдағы 4-5 айда үлкен өзгерістер болмаса, онда біз директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысына жақсы дивиденд төлеуді ұсынамыз», – деді Фостер.

Қазан айының басында «Самұрық-Қазына» қорының (әуе компанияның ірі акционері) басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Air Astana өз тарихында алғаш рет дивиденд төлеуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Ақпан айында әуе компаниясы IPO өткізіп, оның барысында бағалы қағаздарды сату есебінен 370 млн доллар тартты. Ұсыныстың соңғы бағасы бір акцияға 1 073,83 теңге болып белгіленді. Қазір олар 775 теңгеден сауда жасап жатыр. Компания акциялары KASE және AIX, депозитарлық қолхаттар AIX және Лондон қор биржасында (LSE) листингтен өтті.

Сондай-ақ оқыңыз