Америкалық Eleview International Inc. компаниясы мен оның екі басшысына елге қойылған шектеулерді айналып өтіп, миллиондаған долларлық АҚШ технологиясын Ресейге экспорттады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы АҚШ әділет министрлігінің мәлімдемесінде жазылған.
Компания басшылары Вирджинияда тұратын 54 жастағы Олег Наяндин мен 39 жастағы Виталий Борисенко қарашаның 4-і күні сол штаттың Шығыс округінің федералды сотына келді. Оларға «Экспорттық бақылау туралы заңдарды бұзды» деген айып тағылды.
«Күдіктілер Ресейге енгізілген экспорттық шектеулерді айналып өту үшін үш жалтару схемасын пайдаланған», – деді Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі АҚШ бас прокурорының көмекшісі Мэтт Олсен.
Қылмысы дәлелденсе ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айыптаушылардың айтуынша, Eleview 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың маусымына дейін америкалық тауарлар мен технологияларды Қазақстан, Түркия және Финляндия арқылы Ресейге тасымалдаған. Ресейден келген тұтынушылар интернет арқылы бөлшек саудагерлерден өнімге тапсырыс беріп, оларды компанияның Вирджиниядағы қоймасына тасымалдаған. Айыптау қорытындысында Eleview International Inc. тауарлардың соңғы тұтынушылары Ресейде емес деп америкалық билік пен экспедиторлық компанияларды әдейі адастырған.
Әділет министрлігінің мәліметінше, компания мен оның басшылығы тауарлардың ресейлік телекоммуникация компаниясына арналғанын біле тұра Түркия арқылы шамамен 1,48 млн доллар тұратын телекоммуникациялық жабдықты экспорттаған.
Еске сала кетсек, санкция құрсауында қалған Ресей Қазақстаннан ішкі рейстерін ұйымдастыруға көмек сұраған еді. Ресейге зауыттардан қондырғы жеткізетін қазақстандық компанияларға шектеулер енгізілді.