Жаңалықтар

Декларация тапсырмаған қазақстандықтардың есепшоттары бұғатталады

Декларация тапсыруға 30 күн беріледі / Фото: Shutterstock

16 қыркүйекте Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аясында есеп тапсыру аяқталды. Кірістері мен мүлік туралы есеп тапсырмағандарға ескерту жасалды. Ал кейін есепшоттары да бұғатталуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Үшінші кезең аясында жеке кәсіпкерлер, компания басшылары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары және олардың жұбайлары декларация ұсынды.

Азаматтар 250-нысан бойынша активтері мен міндеттемелері туралы кіріс декларациясын, ал өзгелері 270-нысан бойынша кірістері мен мүлік туралы декларация тапсыруы тиіс.

Жалпы Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биыл 2 млн-нан астам жеке тұлға алғаш декларация ұсынған. Дегенмен, белгілі бір себептермен мұны істемегендер де бар. Олардың барлығына ескертулер жолданған.

«Декларация ұсынбаған салық төлеушілерге салық заңнамасында белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарлама жіберілді», – деп жазылған комитеттің хабарламасында.

Хабарлама жолданған соң азаматтарға декларация тапсырып, түсініктеме беруге небәрі 30 күн беріледі. Оны тапсырмаған адамның банктік шоттары бұғатталады.

Сондай-ақ, бұған дейін 250-нысан бойынша есепті тапсыру жолдарын жазған болатынбыз.

2021 жылдан бері Қазақстанда салық төлеушілерге санатына қарай табысын декларациялау міндеттеліп келеді. Мұндағы мақсат — көлеңкелі экономика және жемқорлық сынды қатерлермен күрес.