Жаңалықтар

Қазақстанда 1 млн адам банкрот жағдайында өмір сүрсе де, банкроттық рәсімдеуге асықпайды

Банкроттық рәсімдеуге өтініш бергендер арасында ерлердің саны басым / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда 1 млн азамат банкроттық шегінде өмір сүреді. Бұл жайлы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов айтты.

Ахметовтың мәліметінше, 1 млн қазақстандық банкроттық критерийлеріне келсе де, жеке тұлғаның банкроттығына өтініш бермеген.

«Банкроттық критерийлеріне сәйкес келетін 1 миллионға жуық азамат рәсімді қолдануға асықпайды»,- дейді комитет өкілі.

Бұл азаматтар 12 айдан астам уақыт бойы несие төлемеген. Несие төлеу қабілетінің төмендегеніне қарамастан, олардың банкроттық рәсімдеуге асықпауының бірнеше себебі бар.

  • Біріншіден, халық банкроттыққа халық саналы түрде келеді.
  • Екіншіден, банкроттыққа қатысты түсіндіру жұмыстары оң нәтиже бере бастаған.

Комитет статистикасына сәйкес, банкроттыққа өтініш беретіндер арасында ер адамдар басым. Банкроттыққа өтініш берген ер адамдар көрсеткіші 53%, әйелдер үлесі 47%-ды құрайды.

Ал банкроттыққа өтініш бершен адамдар саны бойынша Алматы облысы мен Алматы қаласы, Жамбыл және Түркістан облыстары көш бастайды.

Qoldau.kz платформасының мәліметі бойынша, жеке тұлғалардан банкроттыққа 124,5 мың өтініші түскен. Бұл өтініштердегі төленбеген борыш сомасы 266 млрд теңгені құраған. Банкрот деп тану туралы 17,5 мың өтініш мақұлданып, олардың қарызы 42,1 млрд теңгені құраған.