Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Құрманғазы өткізу пунктінде 300-ге жуық жүк көлігі жиналып қалған. Көлік кептелісінің пайда болуына не әсер еткенін Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіріп берді.
«2024 жылғы 4 қарашадағы жағдай бойынша Атырау облысының «Құрманғазы» өткізу пунктінде Ресей Федерациясына баратын маршрут бойынша 280-ге жуық жүк автокөлігі жинақталған. Кептелістің себебі – «Атырау-Астрахань» тас жолында жөндеу жұмыстарының аяқталуы болды. Бұл көлік құралдарының санының күрт өсуіне әкелді»,- деп түсіндіреді комитет.
Ведомство өткізу пунктінің тәулігіне 200 көлік жіберетінін, ал бекеттен өтуге күніне 300-ге жуық жүк көлігі келетінін хабарлайды. Бұл шекарада көлік санының арта түсуіне ықпал еткен. Комитет алдағы күндері кезекте тұрған көліктер азая бастайтынын хабарлады. Өйткені кептелісті болдырмау үшін Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Құрманғазы бекетінде жұмыс істейтін мамандар санын 14 қызметкерге дейін ұлғайтқан.
«Мемлекеттік кірістер комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, көліктің кешігуін азайту және өткізу пунктіндегі жағдайды тезірек шешу үшін барлық күш-жігерін салады»,- делінген хабарламада.
Осы орайда жүк көліктерінің иелеріне мемлекеттік шекарадан өту үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін пайдалануға және жүру бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес берген.
Еске сала кетсек, тамыздың аяғында Қазақстанның логистикалық компаниялары Қытай мен Ресейге жүк тасымалдай алмай қалған болатын. Тасымалдаушылар «Нұр жолы» және «Бақты» бекеттерінде кезек көбейіп, тауар жеткізу барысы кешігіп жатқанын айтты.