«Болашақ» түлектері оқу ақысын шетелдік ұйымдарда жұмыс істеп, өтей алады

Жарияланды
«Болашақ» бағдарламасына қатысу үшін құжат өткізу тәртібі жеңілдейді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Болашақ» бағдарламасына қатысу үшін құжат өткізу тәртібі жеңілдейді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталында Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған құжатта жазылған. Оған сәйкес бағдарлама бойынша оқып келген түлектер стипендиясын шетелдік ұйымдарда жұмыс істеу арқылы өтей алады.

Өзгерістерге сәйкес, «Болашақ» түлектеріне Қазақстанда ратификациялаған халықаралық келісімдері бар БҰҰ, ПРООН, ОБСЕ, ШОС халықаралық және өңірлік ұйымдарда жұмыс істей отырып, оқыған оқу ақысының өтемін өтей алады.

«Болашақ» бағдарламасының көптеген талантты түлектері БҰҰ, ПРООН, ОБСЕ, ШОС және басқа халықаралық және аймақтық ұйымдарда өз білімдері мен дағдыларын тиімді пайдаланып жатыр. Осы мамандардың халықаралық аренадағы Қазақстан мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесін ескере отырып, олардың аталған ұйымдардағы еңбек қызметін міндетті жұмыс өтелу талаптарына сәйкес деп тану мақсатқа сай»- делінген құжатта.

Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасына «мемлекеттік қызметшілер» деген санат енгізіледі. Бұл өзгеріс мемлекетке қажетті білікті мамандар даярлау үшін енгізілмекші. Сонымен бірге басым мамандықтар тізіміне қатысты талаптар алынып тасталып, оның орнына басым бағыттар тізімі енгізіледі.

«Бұрын қолданылған басым мамандықтар тізімі орнына басым бағыттар тізімін енгізуге байланысты үміткерлердің материалдарын жеке қарауға қатысты тармақты алып тастау ұсынылады. Бұл механизмді енгізу рәсімдерді жеңілдетіп, іріктеу процесін оңтайландырады, бұл құжаттарды қабылдау кезеңінде жеке қарау қажеттілігін жояды»,- делінген құжатта.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, үміткерлердің материалдары бес негізгі жағдайға байланысты қаралатын болған. Яғни үміткердің жасы, туыстас мамандықтар тізіміне сәйкес келу-келмеуі, мамандық атауы, оқыту жүйесінің бағасы, университеттің тізімде бар-жоғы міндетті түрде ескерілетін.

Ұсынылып жатқан өзгерістерге сәйкес, туыстас мамандықтар тізімі мен мамандық атауын жеке қарау жөніндегі пункт алынып тасталмақ. Ал оқыту бағасын есептеу және үміткердің жасы – жұмыс органы әзірлеген актілер негізінде бағалар мен жас мөлшерінің эквиваленттілік кестелері бойынша тексеріледі. Бұл өз кезегінде іріктеу процесін стандарттауға және субъективті факторларды жоюға мүмкіндік береді, бұл іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға жол ашпақ.

Сонымен бірге конкурс жеңімпаздары магистр дәрежесін алу үшін жетекші шетелдік жоғары оқу орнында, егер оны өту академиялық оқуға қабылдау үшін осы оқу орнының міндетті талабы болса, магистратура алдындағы даярлықтан өтетіні туралы шарт алынып тасталмақ.

Бұдан бөлек, «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде бакалавриатта оқу үшін квота беру мәселесі де қарастырылады. .

«Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары үшін «Бакалавриат» бағдарламасы бойынша оқу үшін және «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін халықаралық, республикалық орындаушылар конкурстарының жеңімпаздарына жекелеген квота бекіту ұсынылады»,- делінген құжат түсіндірмесінде.

Сондай-ақ оқыңыз