Жаңалықтар

Экологтар дабыл қағуда – Батыс Қазақстанда қауіпті электр тасымал желілері дала қырандарының популяциясына нұқсан келтіруде

электр энергиясы
Орнитологтар Батыс Қазақстандағы дала қырандарының популяциясына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып жатыр / Фото: kursiv.media

Жыл сайын Батыс Қазақстандағы қауіпті электртасымал желілеріне (ЭТЖ) мыңдаған дала қыраны түсіп өледі. Бұл жайлы Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау ассоциациясының (АСБК) баспасөз қызметі хабарлады.

Қауымдастық мамандары Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы электртасымал желілеріне (ЭТЖ) орнитологиялық тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 459 құстың тоққа түсіп өлгені анықталған.

«Батыс Қазақстан облысында 329 км ЭТЖ тексерілді, оның 248 км қауіпті деп танылды, ал Ақтөбе облысында 425 км желінің 218 км қауіпті болып шықты. Құстардың басым бөлігі ток соғып қырылып жатыр»,- делінген хабарламада.

Табиғат қорғаушылары электр желілерінің әрбір 10 шақырымында 44 құсқа дейін қырылатынын айтады.

Орнитологтардың мәліметінше, Батыс Қазақстанның өзінде жыл сайын дала қыраны мыңдап қырылады.

Осы орайда қауымдастық өкілдері құстарға қауіпті ЭТЖ иелеріне бір жыл уақыттың ішінде құстардан қорғайтын заманауи құрылғыларды орнатып, ескірген оқшаулау жүйелерін ауыстыруды ұсынып отыр.

«Бұл қыранның популяциясына үлкен залал тигізуі мүмкін»,- дейді мамандар.