Көтайғақ, қар, бұрқасын. «Қазгидромет» елдің 10 өңірінде дауылды ескерту жариялады
Алдағы бірнеше күнде Қазақстанның бірталай өңірлерінде жауын жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін. Бұл жайлы «Қазгидромет» хабарлады.
Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа-райы күтіледі. Қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласуы мүмкін. Салдарынан автожолдардағы жағдай қиындай түспек.
5 қарашада Қазақстанның батыс бөлігінде жаңбырлы бұрқасын күтіледі. Сонымен бірге екпінді жел соғып, тұман түседі. Осындай ауа-райы 6 қарашада елдің солтүстігінде, 7 қарашада шығыс пен оңтүстік өңірлерінде де күтіледі.
Қазақстанның солтүстік, солтүстік-батыс аймақтарында ғана ауа-райы жауын-шашынсыз болады.
Шығыста, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста ауа температурасы түнде 3 градусқа дейін суытады. Ал таулы аудандарда 8 градусқа дейін суытуы мүмкін.
Осыған орай Қазгидромет 10 өңірде дауылды ескерту жариялады. Атап айтқанда Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарында ауа-райы бұзылады.
«6 қарашада күндіз Алматы облысының оңтүстігінде қатты жаңбыр, облыстың таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында кей уақытта тұман, көктайғақ күтіледі. Батыстан жел соғып, екпіні облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін», – делінген хабарламада.
Ал облыстың орталығында 6 қарашада қатты жаңбыр күтіледі. Астанада жел соғып, таңертең және күндіз көктайғақ, жаяу бұрқасын болады.