Тоқаев Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне ризашылық білдірді
Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елисей сарайында кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Тоқаев осы сапарға ерекше мән беріп отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл кездесу – екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі. Сонымен қатар, президент Макронның Қазақстанға сапары кезінде жасалған келісімдер мен уағдаластықтарға тоқталып, олардың екі ел байланысын тереңдетуге үлес қосқанын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасында белсенді және сенімді саяси диалог бар. Қазақстан мен Франция халықаралық сахнада тығыз байланыс орнатып, көпжақты құрылымдар аясында бейбітшілік пен орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуде», – деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Франция – Қазақстанның Еуропадағы ірі сауда серіктестерінің бірі. Қазақстан экономикасына салған инвестициясы өте қомақты. Тоқаевтың айтуынша, елімізде француз капиталы бар 200-ден аса компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
«Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Тоқаев.
Франция президенті Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы серіктестіктің нығаюына Тоқаевтың үлесі зор екенін атап өтті.
Келіссөз кезінде екі елдің көшбасшылары көлік-логистика, машина жасау, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, климат, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық және оның болашағы туралы сөз болды. Сонымен бірге, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту қажеттілігі де айтылды.
Президенттер өңірлік және күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мұның алдында Францияның Қазақстанға жалпы құны 39 млрд долларға жуық инвестиция салғанын жазғанбыз.