Ақтауда қатты дауылдан шатырлар ұшып, аялдама құлады. Зардап шеккендер бар

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Күшті жел салдарынан, қаланың тең жартысы жарықсыз қалды / gov.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ақтауда қатты жел тұрып, қаланың тең жартысы жарықсыз қалды. Екпінді дауыл салдарынан ғимараттардың шатырлары ұшып, көшедегі аялдамалар да құлаған. Зардап шеккендер бар.

Жергілікті басылым Lada.kz-тің мәлімдеуінше, дауыл салдарынан «МАЭК» ЖШС электр станциясының желілері істен шыққан. 110 кв электр беру желілері және кернеуі 35 кВ үш электр беру желілерінде ажырау орын алған. Қазіргі уақытта компания электр энергиясымен жабдықтау режимі толығымен қалпына келтірілгенін хабарлады.

«Ауа райының қолайсыздығы он электр желісінің тоқтап қалуына себеп болды, оның үшеуі Ақтауды жарықпен қамтамасыз етеді. Үзіліс бүгін, 5 қарашада сағат 11:29-да  орын алды.  Сағат 11:41-де олардың бірі қосылды. Сағат 11:48-де – екінші, 12:02-де – барлық қалған желілерде «МАЭК» ЖШС-нен электрмен жабдықтау режимі толығымен қалпына келтірілді»,- энергетикалық комбинат баспасөз қызметі.

Екпінді жел салдарынан кейбір тұрғын үйлердің құрылыс материалдары ұшып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірген. Соынмен қатар қаладағы аялдамалардың бірі құлап, салдарынан бір адам зардап шекті. Оқиға қаладағы 1-ші ықшамауданда болған. Оқиға куәгерлері зардап шеккен тұрғынға медициналық көмек көрсетіліп жатқанын видеоға түсіріп алған. Ақтау полициясы аялдаманың құлағанын растады.

«Бір адам зардап шекті. Қазір ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Сапасыз құрылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде»,- деп түсіндірді ведомство.

Қаладағы өзге де аялдамалардың шатыры ұшып, салдарынан тағы екі адам дене жарақатын алған.

«Аурухана қабылдау бөліміне жедел жәрдеммен екі науқас жеткізілді. Тағы бір науқас өзі келіп көмекке жүгінген. Олардың екеуі яғни 1972 жылы туған әйел, 1976 жылы туған ер адам аялдаманың құлауы салдарынан зардап шеккен. Өзі келіп көмекке жүгінген 1988 жылғы зардап шегуші әскери бөлім қызметкері», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Облыстық Төтенше Жағдайлар департаменті қатты дауылды ауа-райы үш күнге жалғасатынын мәлімдеді. осыған орай ведомство қала тұрғындарына үндеу жолдап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

«Қазгидромет» РМК Маңғыстау облыстық филиалының синоптиктері 5 қараша күні Маңғыстау облысының солтүстік-батысында күндіз қатты жаңбыр жауып, оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысатын желдің соғатынын хабарлайды.

«Облыстың батыс аймақтарында түнде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге, күндіз облыстың батысы мен орталығында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Кей кездері жел екпіні секундына 23-28 метрге, кейде 30 метрге және одан жоғары болуы ықтимал»,- деді «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Айгүл Төлеуғалиева.

Айта кетейік, «Қазгидромет» елдің 10 өңірінде дауылды ескерту жариялады. Қазақстанның бірталай өңірлерінде жауын жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз