Жаңалықтар

Орал қалалық сотының төрағасы 1,5 млн теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталды

Пара айыпталушы азаматты ақтап алу үшін берілмек болған / Фото: facebook.com/Руслан Жұмағұлов

Оралда пара алып жатқан жерінен қалалық сот төрағасы Руслан Жұмағұлов ұсталды.  Төрағамен бірге екі адвокат та құрықталды.

«Орал апталығы» басылымының мәліметінше, судья сотталушыға қатысты оң шешім шығару үшін 1,5 млн теңге көлемінде пара алған.

Қылмыстық кодекстің 366-бабы 1-1-бөлігіне сай, «Пара алу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу амалдарын ҰҚК орталық аппаратының және БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері жүргізген.

Руслан Жұмағұлов 1980 жылы туған. БҚО облыстық сотының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ол 2001-2011 жылдары аралығында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында қызмет атқарған. 2011 жылдан 2015 жылға дейін Батыс-Қазақстан облыстық адвокаттар алқасында қорғаушы болып жасаған.

2015 жылы Президент Жарлығымен Орал қалалық сотының судьясы болса, 2019 жылы қалалық соттың төрағасы болып тағайындалған.

БҚО прокуратурасы ақпаратты растады, ресми түсініктеме кейінірек берілетінін мәлімдеді.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ақтау қалалық сотының төрағасы 18 млн тенге пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Ол сенімді адамы – Ақтау қаласының тұрғыны арқылы сотталушыдан бас бостандығынан айырудан басқа жазаға үкім шығару сылтауымен 18 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алған деп күдіктелген еді.

Жуырда Антикор Қаржы министрлігінің шенеуніктерін 68 млн теңге пара алып жатқан жерінде ұстағанын мәлім еткен болатын. Арнайы операция барысында Алматы және Астанадағы Қаржы министрлігі басқармалары басшыларының жемқорлық істерін әшкереледі.

Бұған дейін Түркістан қаласында коммерциялық құрылыс салу үшін жер учаскесін алу үшін жер ресурстарын басқару департаменті басшысы пара алғаны белгілі болған.