Трамптың жеңісіне деген сенімділік Tesla акцияларын қымбаттатты
Электрмобиль өндіретін Tesla-ның акциялары Robinhood платформасында күрт өсіп, таңертеңгі саудада 8%-ға жоғарылады, деп хабарлады CNBC.
Robinhood – АҚШ пен Ұлыбританиядағы клиенттерге биржалар жабық кезде де акциялармен сауда жасауға мүмкіндік беретін алаң. Осы уақытта жасалған бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату мәмілелері келесі сауда сессиясы барысында орындалады.
Өткен айда Илон Маск Трамптың сайлауалды кампаниясын қаржыландыру үшін America PAC ұйымына 75 млн доллар көлемінде қаржы аударған болатын. Өз кезегінде Дональд Трамп Маскты тиімділік жөніндегі үкімет комиссиясының басшысы етіп тағайындауға уәде берді.
Қазан айының соңында Мэдисон-сквер-гарденде өткен Трамптың митингінде Маск осы қызметке тағайындалған жағдайда федералдық бюджеттің шығынын 2 трлн долларға қысқартуға ниетті екенін мәлімдеді.
5 қарашада Уолл-стриттегі сауда сессиясы жабылғанға дейін Tesla-ның акциялары нарықтан айтарлықтай артта қалды: жыл басынан бері олардың өсімі бар болғаны 1,2%-ды құраса, S&P 500 индексі 21,2%-ға өсті, деп атап өтті CNBC.
Сейсенбі күні негізгі саудада Tesla-ның бағасы 3,5%-ға, ал премаркетте 2,9%-ға көтерілді. Бұл алты сессия қатарынан төмендегеннен кейінгі алғашқы өсім болып отыр.
FactSet деректеріне сәйкес, кейінгі үш айдағы консенсус рейтингі Tesla акциялары үшін «портфельде ұстау» ұсынымына сәйкес келетін бейтарап деңгейде болды.