Банк пен қаржы

Ресейлік агенттік Қазақстан қаржы дағдарысынан алыс деп тұжырымдайды: инфляция мен пайыздық мөлшерлеме төмендей ме?

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейлік АКРА рейтинг агенттігінің зерттеуіне сәйкес, қазан айында Қазақстанның қаржы стресс индексі біршама төмендеген. Бұл елдің қаржы жүйесіндегі стресс орташа деңгейде және маңызды қауіп-қатерлердің туындау ықтималдығы төмен екенін көрсетеді.

Агенттікт болжамынша, Қазақстан экономикасында 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басында пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі мен инфляцияның баяулауына байланысты қаржы стресс индексі бұрынғыдай тұрақты деңгейде сақталады.

Бұл индекс Қазақстанның қаржы жүйесінің дағдарысқа қаншалықты жақын екенін бағалайды. Ол қаржы секторының қатысушыларының қаржы жағдайы туралы ақпарат жинақтап, қандай соққыға төтеп бере алатынын талдайды.

Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылы Қазақстандағы валюта нарығында сын-қатер деңгейі төмендейді. Оған ұлттық валюта бағамының салыстырмалы тұрақтылығы және негізгі мөлшерлеменің төмендеуі әсер етеді.

Сондай-ақ агенттік қаржы секторында валюта активтердің пассивтерден асып түсуін көрсететін оң валюталық дисбаланс бар екенін байқатады, бұл сектордағы тәуекелдерді төмендетеді.

Қазан айында өтімділік дисбалансы (қолда бар қаражат пен оған деген сұраныс арасындағы айырмашылық) біршама азайған. Қаржы секторында қысқа мерзімді борыштық активтер мен пайыздық табыстардың өсуіне қарамастан, борыштық пассивтер басым болып қала бермек.

Бұған дейін экономист Қайырбек Арыстанбеков 2025-2026 жылдары Қазақстан экономикасын ірі-ірі үш дағдарыс күтіп тұрғанын айтқан. Олар: бюджет дағдарысы, сауда дағдарысы және қарыз дағдарысы.