Швейцария Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектеспек. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Швейцарияның Бас прокуроры Штефан Блаттлер және Швейцарияның Федералдық әділет офисі Директорының орынбасары Лоренс Фонтана Юнгомен кездесіп, келіссөз жүргізген. Нәтижесінде қос тарап қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер мен ақпарат алмасу, соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Қазақстанда заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы заң 2023 жылы қабылданды. Бас прокуратура жанынан арнайы комитетет құрылып, ол заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен айналысады. Ресми дерек бойынша, 2022 жылдарн бері Қазақстанға құны 3,5 млрд доллардан асатын заңсыз актив қайтарылған.
Алайда Бас прокуратура заңсыз активтердің кімнен қайтарылып жатқанын ашық айтпайды. Ресми орган өкілдері «оны ашық айтатын уақыт әлі келмеді» деген пікірде.
Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, қайтарылған активтерді басқарушы компанияның теңгерімінде әлі құны 90,3 млрд теңге болатын 254 актив бар. Олардың арасында жылжымайтын мүлік, сауда орталықтары, акциялар, қымбат көлік пен әшекей бұйымдар бар.