АҚШ-тағы Президент сайлауының алдын ала нәтижесі бойынша, Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті атанады. Бұл сайлау нәтижесі валюта және тауар нарықтарына әсер етіп жатыр. Мәселен, Brent маркалы мұнай мен алтын арзандаса, доллардың құны артты.
Мұнай арзандап барады
6 қараша күні ICE халықаралық биржасындағы сауда-саттықта Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,7% арзандады.
investing.com сайтының мәліметі бойынша, Brent марқалы мұнай баррелі 6 қараша, сағат 16-02-де 74,40 доллардан саудаланып жатыр. Ал WTI маркалы мұнай бағасы – 70,94 доллар.
Трамп сайлауда жеңсем, АҚШ-тағы мұнай өндірісін арттырам деп уәде берген. Мұнайдың сұраныстан артық өндірілуі – қара алтын құнына кері әсер ететін жайт. Егер АҚШ мұнайды нарыққа көптеп шығара бастаса, ОПЕК+ құрамына кіретін Қазақстан сынды елдер өндірісті қысқартуға мәжбүр болмақ.
КursivМedia-ға пікір білдірген сарапшылар да Трамп жеңсе, мұнай енді қымбаттамайды деген пікір білдірген. Сарапшы Арман Бейсембаевтың айтуынша, «Трамп мұнай нарығын, газ нарығын қайта бөлісуге мұрындық болады». Ал мұнайдың арзандауы – онсызда қаржы тапшылығын сезіп отырған Қазақстан үшін тиімсіз. Сарапшылар шикізат құнының төмендеуінен бюджетке түсетін қаржы қысқарып, алдағы 4 жыл мұнай арзан боп тұрса, Ұлттық қордағы қаржыны тауысамыз дейді.
Сонымен қатар әлемдік нарықта алтын мен күміс бағасы да сәл арзандады. Алтынның унциясы 1% жоғалтып, $2 722 саудаланса, күміс 32 доллардан сатылып жатыр. Уран бағасы да арзандап, 77,15 долларға дейін төмендеді.
Доллар қымбаттады
Трамптың сайлаудағы жеңісі жайлы жаңалық доллар бағамына да әсер етіп, көкқағаз құны көтеріліп жатыр. KASE биржасында АҚШ валютасы – 490,35 теңге, айырбастау орындарында доллар 492-493,9 теңге аралығында сатылып жатыр.
Экономист Алмас Чукин Трамп жеңсе, доллар одан әрі нығая түседі деп пікір білдірген. Сарапшы Айдар Әлібаевтың да айтуынша, Трамптың кезінде доллар нығая бастайды. Өйткені Трам: «Доллардың халықаралық валюта болып қалуы үшін бәрін жасаймын. Бұл АҚШ үшін – өмірлік маңызы бар мәселе» деген болатын.
FoxNews телеарнасының ақпаратына сүйенсек, Трамп межелі 270 сайлау алқасының дауысын жинап, тіпті асып түскен. Басылым Трампта 277 сайлау дауыс, Харристе – 226 дауыс бар деп есеп шыққан. Reuters жазуынша, өкілдер палатасының спикері Майкл Джонсон Дональд Трамп АҚШ-тың заңды сайланған президенті деп мәлімдеген.