Қарағанды әкімі Сарандағы жағдайдан кейін неге қызметтен кетпеді?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Сарандағы Бөлекпаев
Сарандағы жағдайдан кейін Бөлекпаев неге қызметтен кетпеді? / ortcom.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласындағы «жылу беруге дайындықты дұрыс бақыламағаны үшін» қызметтен кетпеуінің себебін түсіндірді.

Әкімнің сөзінше, Сарандағы жағдайға өз жауапкершілігін сезініп, президент жариялаған сөгіспен келіскен.

«Саран әкімі қызметтен кетті. Ол өз жауапкершілігін сезініп, шешіммен келісті. Мен де жарияланған сөгіспен келістім. Әрине біз жауаптымыз», – деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған қоса, ол Саран әкімінің қызметтен кетуі туралы шешім арнайы тексерістен кейін қабылданғанын, оны премьер-министрдің бекіткенін атап өтті.

Облыс әкімі Саран қаласының бұрынғы әкімі Еркін Баулықовтың жылыту маусымына дайындық үшін тікелей жауапты екенін атап өтті. Жылыту маусымы қарсаңындағы кеңестерде Баулықов жағдай тұрақты деп баяндама жасап отырған.

Бөлекпаевтың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған сөгіс оның жалақысына мүлдем әсер етпейді. 

«Сөгіске байланысты сыйақыдан қағылу мәселесіне келсек, осы қызмет келгелі сыйақы алған емеспін», – деді әкім.

Қазан айының ортасында Қарағанды облысында күн суытқанда Саран қаласы жылусыз қалды. Себеп 10 жыл бойы салынып, биыл іске қосылған Қаланың орталық жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемеген. Нәтижесінде қала ескі жылыту жүйесіне қайта қосылуға мәжбүр болған.

Осыдан кейін премьер-министр Олжас Бектеновтің қаулысымен қала әкімі қызметтен кеткен. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне сөгіс жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз