Абай облысының Бородулиха ауданында 2023 жылы «Семей орманында» болған өртке байланысты тағы бір сот процессі аяқталды. «Ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасының» директоры қызметін атқарушы болған Талғат Әлиев орманға келген шығынды толық өтеуге міндеттелді. Өрт кезінде 14 орманшы мен 1 трактор жүргізушісі қайтыс болған.
Істің мәні
2023 жылы маусым айының басында «Семей орманы» табиғи резерватында пайда болған өрт тек шілде айының ортасында сөндіріліп біткен. Сот қаулысына сүйенсек, Талғат Әлиевтің өз жұмысына салғырт қарауы салдарынан бірнеше сағатта өшірілуі мүмкін, өртті сөндіруге бір айдан артық уақыт кеткен. 2023 жылдың ақпан айында «Қазавиақорғау» басшысының қызметін атқарушы лауазымына тағайындалғаннан кейін ол ведомствоның жұмысына және мемлекеттік сатып алу ісіне толық жауапты болған.
Әлиев Бородулиха және Бөкебаев әуе бөлімшелерінің қызметкерлерін әуе кемесінен арқанмен құлдилап түсу техникасы бойынша оқытуды ұйымдастырмағаны үшін кінәлі деп танылған. Сонымен қатар, өрт қаупі жоғары кезеңде, яғни 2023 жылдың мамыр айында Ми-8 тікұшағының орнына Ми-2 кемесі жалға алған. Ми-2 өрт сөндіруші десантшыларды тек тасымалдауға ғана арналған. Десантшыларды әуеден төмен түсіруге және су тасымалдап, қолайсыз аймақтарда жедел өрт сөндіруге арналмаған. Ал Ми-8-де бұл мүмкіндіктер бар.
М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы қорытындысы бойынша өрт басталған кезде оны сөндіру үшін екі десант отряды ғана қажет болған. Алайда тікұшақтың талаптарға сәйкес келмеуі және қонуға рұқсаттың болмауы өртті уақытында сөндіруге мүмкіндік бермей, оттың таралуына және көлемді зардапқа алып келген.
Үкім
Өрттің уақытылы сөндірілмеуі мемлекетке 161,5 млрд теңге шығын келтірген. Бұл 63 мың гектардан астам орман аймағы. Әлиев осы шығынды жалғыз өзі толыққанда Экология министрлігіне өтеп беруге міндеттелді. Бұған қоса, 4,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеуі қажет. Және зардап шеккендердің шығыны ретінде 51 мың теңгені өтеуі тиіс. Сот оған айыппұл салып қана қоймай, Әлиевті 2 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Үкім 4 қарашадан бастап заңды күшіне енді.
Айта кетейік, «Семей орманында» 2023 жылы жазда болған өрт салдарынан 15 адам қайтыс болған. 2024 жылдың маусымында ормандағы өртке кінәлі деп танылған 7 жылға бас бостандығынан айырылған.