Алматы әуежайы аумағындағы бомбапана мен ескі нысандарды жөндеуге қосымша 300 млн доллар инвестиция қажет

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
3-4 жылдан кейін Алматы әуежайы ең жоғары талаптарға сай болады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы әуежайын дамыту, нысан аумағындағы ескі ғимараттарды жөндеу жұмыстары 3-4 жылдың ішінде аяқталады. Бұл үшін 300 млн доллар инвестиция қажет. Алматыда өтіп жатқан Green Airports семинары барысында әуежай президенті Гокер Косе осылай деп мәлімдеді.

«Егер біз тағы 300 млн доллар жұмсасақ 3-4 жылдан кейін әуежай ең жоғары талаптарға сай болады деп үміттенеміз», – деді спикер жиын барысында.

Бұл ретте ол Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы мерзімінен бұрын салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті. Сондықтан әлі де шешілмеген мәселелер қалғанын жеткізді. Оның сөзінше, қазір әуежай әкімшілігі бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Әсіресе, жаңбыр жауғанда су басатын дренаж жүйелеріне қатысты мәселелер толық шешілгенін жеткізді. Осы орайда ол әуежай инфрақұрылымы өте ескі екенін атап өтті.

«Болашақта үлкен инвестициялар салынады, бұл бізге терминалдардың да, әуежайдың да барлық инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Әуежай аумағында орналасқан бомбапанаға дейін барлығын жаңартып жатырмыз», – деді Гокер Косе.

Оның сөзінше жаңартылатын нысандар қатарында бомбапанадан басқа ішкі рейстерге арналған ескі терминал толығымен жаңартылады. Бұл жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

«Инвестициялар сол жақ ұшып-қону жолағын қалпына келтіруге бағытталады. Дренаждық жүйені өзгертіп, қолданыстағы перронды қайта жаңғыртудамыз», – деп қосты әуежай президенті.

Оның айтуынша, әуежайға жақын арада салынатын инвестиция көлемі кем дегенде 100 млн долларды құрайды. Сонымен қатар ол TAV Airports Holding Groupe ADP тобының бөлігі екенін атап өтті. Оның жолаушылар ағыны 330 млн адамды құраса, TAV-тың үлесі 95 млн жолаушы.

«Ал Алматы әуежайының жолаушылар ағыны 11 млн адамды құрайды. Бұл біз үшін Орта Азиядағы маңызды нысан», – деді әуежай басшысы.

Еске сала кетсек, 1 маусымда Алматы әуежайында жаңа терминал ашылды. Оның құрылысына 200 млн доллад жұмсалды. Алматы әуежайы түріктің TAV Airports Holding компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз