Lifestyle

Халықаралық ұйым Қазақстанда әуежай алымдарын арттыруды ұсынды. Билет бағасы өсе ме?

Әуежай алымдарын арттыру керек пе? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еуропа Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI Europe) Қазақстандағы әуе компаниялары үшін алымдарды арттыруды ұсынды. Бұл туралы ұйымның бас директоры Оливье Янковец Green Airports аймақтық семинары аясында айтты. Оның пайымынша, тарифтерді көтеру әуе билеттерінің бағасына әсер етпейді.

Сонымен қатар спикер Еуропадағы International Airports Council Қазақстан үкіметімен әуе индустриясын реттеу бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Осы тұста ол сала ескірген және өзгерістер мен жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті.

«Қолданыстағы нормативтік база әуежайларды жаңғыртуды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Бірінші мәселе – әуежай алымының төмендігі. Қазақстандағы әуежай алымдарын көршілес Орталық Азия республикаларымен салыстыратын болсақ, тіпті Еуропа туралы айтатын болсақ, әуежай алымдары өте төмен деңгейде», – дейді спикер.

Янковец әуежай алымының төмендігі қазақстандық авиацияның басты мәселелерінің бірі екенін жеткізді. Бұл әуе айлақтарын жаңғыртуды мен олардың қаржылық жағдайын жағдайын қиындатады.

«Авиакомпаниялар әуежайды пайдалану құқығы үшін төлейтін алымдар төмен. Ол әуежайлардың тіпті өз шығындарын өтеуге жетпейді. Әуежайлардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін алымдарды көбейту маңызды. Сонымен қатар, жоғары алымдар әуежайларға егжей-тегжейлі ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әуежайлар цифрландыру бойынша қосымша жобаларды жүзеге асырып, тұрақты дамуға назар аударуы керек», – деді ACI EUROPE басшысы.

Янковец, сондай-ақ, әрбір әуежай өз қажеттіліктеріне қарай төлем мөлшерін қарастыруы керек екенін айтты. Мысалы, цифрландыруға, көміртегі шығындысын азайтуға және қуатты арттыруға салынған инвестициялар тарифтердің өсуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен бірге ол қысқа мерзімді перспективада әуе билеттерінің бағасы көтерілуі мүмкін деп атап өтті.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 1 маусым күні Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминал ашылды. Оның құрылысына 200 млн доллад жұмсалды. Алматы әуежайы түріктің TAV Airports Holding компаниясына тиесілі.