2028 жылдан бастап Қазақстаннан Еуропаға қатынайтын әуе компанияларына экологиялық таза авиаотын пайдалану міндеттеледі. Бұл туралы Green Airports аймақтық семинары барысында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлім етті.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» Jet A-1 халықаралық санатындағы SAF экологиялық таза авиациялық отынын өндіруді бастады.
«2028 жылдан бастап Еуропалық Одақ осы экологиялық таза авиаотынды пайланатын әуе компанияларын ғана қабылдайды. Оның үлесі бастапқыда 5% болса, уақыт өте керек экологиялық авиаотынды пайлану бойынша қойылатын талап арта береді», – деді спикер.
Талғат Ластаевтың айтуынша, қазір «ҚазМұнайГаз-Аэро» («ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны) халықаралық банктермен бірігіп осы бағытта жұмыстарды қолға алған.
Еске сала кетсек, SAF-ты өндіру бойынша жұмыстарды ҚМГ-ның қолға алғанына екі жылдан аса уақыт өтті. 2024 жылғы маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Америка мен жапондық компания Қазақстанда экологиялық таза отын өндіруі мүмкін деп хабарлаған.
SAF (Sustainable Aviation Fuel) — Jet-1 маркалы отынның экологиялық таза нұсқасы саналатын авиациялық отын. Ол дәстүрлі авиакеросинге балама ретінде өндірілген тұрақты жанармай. Оның дәстүрлі авиакеросиннен айырмашылығы, SAF көміртегі шығарындыларын 80%-ға азайтуға септігін тигізеді.
Әлем елдері, оның ініде АҚШ 2050 жылға қарай экологиялық таза отын көлемін 50%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Еуропалық Одақ бұл көрсеткішті 2025 жылдан бастап 2%, 2028 жылдан 5%-ға дейін, 2050 жылға қарай 63% деңгейіне дейін арттырмақ. Қытай сынақ ретінде аталған отынмен рейстерді енгізді.