Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, квадроберлер мәселесін жан-жақты зерттеп, кешенді алдын алу шараларын қабылдауға шақырды.
«Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды.Бұл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер. Олар тек сыртқы бейнесін өзгертумен шектелмей, адамдарға шабуыл жасап, тырнап немесе тістеп те алуы мүмкін. Мұндай оқиғалар көрші елдерде – Ресей мен Өзбекстанда тіркелген», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Мұқаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар мен жабық каналдар бар, тіпті арнайы сабақтар өткізіледі.
«Бір қарағанда, бұл балалардың еркелігі сияқты көрінгенімен, ол балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, шектен шығып барады. Батыс елдерінде бұл субмәдениетке енген балалар сабақта сөйлесуден бас тартып, жануарлардың дыбыстарын шығарады. Квадроберлер үшін арнайы кештер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, квадробер болуға қажет заттар интернетте жоғары бағамен сатылып, жаңа бизнестің көзіне айналған», – деп түсіндірді Мұқаев.
Депутаттың пікірінше, квадробингке әуестенген балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адамдық қасиеттерінен алыстай бастайды.
«Егер біз бұл мәселені дер кезінде тоқтатпасақ, ұрпақты жоғалту қаупі алдында қаламыз. Балаларға адамгершілік құндылықтарын сіңірудің орнына, кері кету процесі жүріп жатыр. Бұл мәселе тек ата-аналар үшін емес, бүкіл қоғам мен мемлекет үшін маңызды. Осы мәселеде әлеуметтік және құқықтық тосқауыл жасап, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауға алуымыз керек», – деді депутат.
Оның пікірінше, мұндай әлеуметтік тенденциялар жылдам дамып жатқандықтан, шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Айта кетейік, квадробер – көбінесе жасөспірімдер арасында жануарлардың қимылдары мен әдеттерін қайталаумен айналысатын адамдар.