Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы апорт сортының алмаларын қайта жандандыру бағдарламасын жасады. Апорт – ерекше күтімді талап ететін алма сорты. Сапалы жемістер тек теңіз деңгейінен 850-1250 метр биіктіктегі бақтарда ғана өседі. Мұндай жерлер Алматы мен оның маңындағы облыстарда шектеулі. Басқа алма бақтары 4-6 жылда жеміс бере бастаса, апортқа 8-9 жыл қажет. Соған қарамастан, бұл қазақ алмасының сұрыптары жоғары сапасымен жергілікті тұрғындар арасында танымал, ал шетелдіктерді таң қалдырады.
2024-2028 жылдарға арналған апортты жандандыру бағдарламасын Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы басқарады. Ғылыми және әдістемелік қолдау көрсетуді Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты (ҚазЖКҒЗИ) қамтамасыз етеді. Бағдарламаға жеке инвесторлар мен арнайы питомник шаруашылықтары да қатысатын болады.
Министрліктің мәліметінше, бағдарлама аясында алма бақтарын толыққанды коммерциялық өндіріске шығару үшін қажетті көшеттер өсіріледі. Алғашқы кезеңде, 2024 жылы, Сиверс алмасының тұқымдары жиналып, апортты өсірудің ұлттық стандарттарын жасау жобасы басталды. 2025 жылы Талғардағы ҚазЖКҒЗИ өңірлік филиалында 10 гектар алқапта көшеттер отырғызылады, бұл жер питомник шаруашылықтары үшін аналық баққа айналады.
Алдағы екі жылда 100 гектар алқапқа апорт алмасын отырғызу үшін жеткілікті көшет өсіру жоспарланып отыр. Кейіннен апорт өндіру жеке бақ иелерінің арасында кеңейтіледі.
ҚазЖКҒЗИ Талғар филиалының өкілі Сағи Солтанбековтың айтуынша, Қазақстанда апорт алмасын қайта жандандыру үшін қажетті тарихи және селекциялық база бар.
«ҚазЖКҒЗИ ғалымдары апортты қайта жандандыру жұмыстарын 2011 жылы бастаған болатын. Қазіргі таңда Сиверс алмасының мыңнан астам түрі бар, оның ішінде ДНҚ талдауы нәтижесінде апорттың «қан-қызыл» сұрпын жасау үшін 11 түр іріктелді. Осы сұрыптар 2015 жылы сауықтырылып, 5 гектар жерге отырғызылды, апортты көбейту технологиясына патенттер алынды. 2015 жылы егілген эксперименттік бақ 2023 жылы алғашқы жемісін берді, жеке жемістің салмағы 300-500 граммға жетті. Биыл біз алты тонна қан-қызыл апорт жинадық», – деді ол.
Вице-премьер Серік Жұманғарин апортты жандандыру бағдарламасын, сонымен бірге қазақстандық алма сортын танымал етуді мақұлдады. Сондай-ақ, аграрлық жоғары оқу орындарының студенттерін осы бағдарламаға қатыстыруды тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Апорт алмасы халықаралық бренд ретінде тіркелетінін Әділет министрлігі хабарлаған еді.
Енді әлемдік сауда нарығында Алматы апортының шығу тегі Қазақстан екенін мойындату жұмыстары жүргізіледі. Яғни отандық апорт өндірушілері бұдан былай қарай сауда жасауға ниетті елдердің тізімін жолдап отырады.