Бизнесті рейдерлік басып алумен айналысады – депутат шенеуніктердің өз өкілеттігін асыра пайдаланатынын айтты
Депутат Азат Перуашев шенеуніктерді өз өкілеттігін біреудің бизнесін рейдерлік басып алу үшін пайдаланады деп айыптап отыр. Айтуынша, «Ақ жол» партиясына бизнесінен айырылған азаматтардан біраз өтініш кеп түскен. Депутат солардың бірнешеуіне тоқталып өтті.
Перуашевтың айтуынша, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігінің Болат Назарбаевтың мүлкіне тісі батпай отыр. 2017 жылы Қаржы министрлігі ұйымдастырған аукционнан кәсіпкер санаторий сатып алған. Сол лотпен дәл санаторийдің маңынан Болат Назарбаевқа тиесілі компания да нысан сатып алған. Ал кейін әкімдік Назарбаевқа тиесілі заңсыз иемденілген мүлікті қайтару сылтауымен кәсіпкерден санаторийді тәркілеп алған. Алайда Назарбаевқа нысандарын қайтарып берген. Нәтижесінде шипажайға 2 млрд теңге құйған кәсіпкер шығынға ұшыраған.
Депутат ҚТЖ-ның да кәсіпкерлердің бизнесін иемденіп жатқанын айтты. Перуашевтің деректеріне сәйкес, 2011 жылы «АНГРЕНСОР Ltd.» ЖШС-і 1,5 млрд теңгеге Павлодар облысындағы Атығай бекетінде ғимарат тұрғызып, теміржолдарын салған. Алайда ҚТЖ АҚ сот арқылы бұл компанияны нысанды мемлекетке тегін негізде қайтаруын міндеттеген.
Дәл осындай жолмен Көлік министрлігі Маңғыстау облысындағы «Каскор-Транссервис» АҚ-ына кірме теміржол рельстерін тегін негізде мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарған. Бұл нысан 1990 жылдан бері «Каскор-Транссервис» компаниясына тиесілі болған.
Ал Жамбыл облысы Мерке ауданының прокуратурасы 2007 жылдан бері ауылшаруашылық өндірісімен айналысып келе жатқан «Жеміс-Жидек» ЖШС-нің 200 гектар жерін тегін тартып алмақшы. Сондай-ақ депутат «Жамбыл электр желілері» ЖШС жүн өңдеу фабрикасынан кәсіпорынға тиесілі электр қосалқы стансасын тартып алуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Бұл тенденция қарқын алып келеді. Енді мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен бірге монополистер де басқа кәсіпорындардың меншігіне «қол сұға бастаған». Бұл солардың қитұрқы әрекеті»,- дейді депутат.
Осыған орай депутат Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, бұл мәселені әділ шешуді, кәсіпкерлердің құқын лайықты деңгейде қорғауды сұрады.
Айта кетейік Түркістан облысындағы санатоирийге қатысты мәселені депутат 2023 жылдың желтоқсанында көтерген болатын. Депутат ескі дәуірдің символы саналатын Болат Назарбаевтың өмірден өткен соң да ұтылмағанын, ал адал кәсіпкерлердің кәсібінен айырылып жатқанын айтқан еді.