Жаңалықтар

Трамп тұсында доллар бағамы қалай өзгереді? – сарапшылар болжамы

Трамп: «Доллардың халықаралық валюта болып қалуы үшін бәрін жасаймын. Бұл АҚШ үшін – өмірлік маңызы бар мәселе»/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тағы экзит-пол мәліметтеріне қарағанда, Дональд Трамп Ақ үйдің табалдырығын аттауға шақ тұр. Десе де, әлі сайлау қорытындысы шыққан жоқ.  Сайлау коллегиясы Трамптың пайдасына дауыс беріп жатыр.

Дейтұрғанмен, 2025 жылдың 20 қаңтарында өтетін инаугурацияға дейін  биліктің тізгіні Байденнің қолында қала береді. Бұдан кейін Трамп сайлау науқаны кезінде алдағы қадамдарын жария түрде айтқан болатын. Қазақстандық кейбір сарапшылар АҚШ билігіне Трамп келсе, Қазақстанның экономикалық ахуалы нашарлайды деп біледі.

Сонымен, Трамп жеңсе, доллардың құны, мұнайдың бағасы қалай өзгереді? Әлем экономикасына қандай өзгеріс әкеледі? Бұл Қазақстанға қалай ықпал етеді? Қазақстандық экономистер бұған болжам айтып көрді.

Трамп – бұл бизнес

Мәселен,  экономист Алмас Чукиннің пікірінше, Трамп – бұл бизнес. Үлкен мұнай.

«Ол мұнай саласын дамытуға мүдделі. Жасыл энергетиканы құптамайды. Қазақстан үшін бұл – жаман емес. Доллардың бағасына келсек, доллар күшейе түседі. Трамптың кезінде доллар арзандамайды. Теңге өз бағамы үшін күресуге тура келеді», – дейді экономист.  

Айдар Әлібаев сайлау әлі шықпағандықтан болжамнан гөрі талқы жасаған дұрыс деп есептейді.

«Харрис ештеңеге қабілетті емес. Өзінің ел басқаруға қабілеті жоқ. Артында тұрған күштер оны шахмат тасындай қозғалтатын болады. Олар не айтса, Харрис соны істейді. Ол дербес тұлға емес. Байден кезіндегі саясат жалғасатын болады. Либералды, тіпті либерастты саясат жүргізіледі. Ресей мен Украина арасындағы екі тарапты да тұралататын соғыс жалғаса бермек. Украинаға көмек шай қасықтап беріледі. Таяу Шығыста соғыс өрті қаулауы әбден мүмкін», – дейді экономист.  

Оның пікірінше, Ақ үй қожайыны Трамп болса, көп өзгеріс күту қажет.

«Трамптың іс-әрекетін болжау қиындау. Жасы біразға келді. 78-де. Ол өте қызба, эмоциональды. Қандай да бір ақпараттың ықпалымен ол төтенше, алдын ала ойластырылмаған, есепсіз шешім қабылдауы ықтимал», – деп топшылайды Айдар Әлібаев.  

Экономистің пікірінше, Трамп Американың ішкі өміріне көп мән береді. Американың экономикасының, өнеркәсібінің дамуына, жұмыс орындарының ашылуына басымдық беріледі. Бүкіл әлемді тауарларымен жаулап жатқан Қытайдың аяғына тұсау салынбақ. АҚШ Қытай импорты үшін қоршау тұрғызады. Заңсыз миграция арналарын жапса, америка экономикасы үшін жағымды әсер беруі мүмкін. АҚШ-қа баруды армандап жүрген қазақстандықтарға, ресейліктер мен украиндықтарға, қытайларға бұл жағымсыз хабар болуы мүмкін. Бірақ бұл – АҚШ үшін жақсы.

«Ол Ресей мен Украина арасындағы соғысты дереу тоқтатамын деп уәде беріп отыр. Оны қалай істейтінін білмеймін. Өйткені, Ресей басып алған жерлерді қайтарып бергісі келмейді. Әсіресе, Қырымды. Украина мұнымен үзілді-кесілді келіспейді. Өз жерін қандай ел бөтенге беріп қойып, қарап отырады? Екі елдің ұстанымдары мүлде қарама-қайшы. Трамп әзірге екі тараптың бірін-бірін өлтіруін тоқтатуы мүмкін. Яғни уақытша атысты тоқтатуға тараптарды мәжбүрлеуі ықтимал», – дейді Айдар Әлібаев.

Оның пікірінше, Трамптың кезінде доллар нығая бастайды. Ол: «Доллардың халықаралық валюта болып қалуы үшін бәрін жасаймын. Бұл АҚШ үшін – өмірлік маңызы бар мәселе» деп атаған болатын.

«Бір жағынан мұнымен келісуге де болады. Екінші жағынан, доллардың орнын басатын басқа валютаны көріп тұрғаным жоқ», – дейді экономист.  

Оның ойынша, мұнай бағасы әзірге өзгермейді. Өйткені, бүгінгі бағасы тараптарды қанағаттандыратын деңгейде.

«Негізгі мұнай тұтынушылары бүгінгі бағаны қазір місе тұтып, төлеуге дайын. Бірақ бағаның құлағанын құптап, бұдан да арзанға сатып алғысы келеді. Бұған мұнай өндірушілер көнбейді. Аздап арзандаса да, қандай да теңгерім бар деп есептеймін. Әрі қарай не болары әлемдегі тұрақтылыққа, соғыстардың қарқын алуына байланысты болады. Өйткені, кез келген соғыс мұнайды қажет етеді. Демек, өсім болады», – дейді Айдар Әлібаев.  

АҚШ енді мұнай нарығы үшін күреседі

Сайлауда Харрис жеңген күннің өзінде біреулер үшін таңырқайтын жағдай болмайды. Трамптың жеңісі туралы да осылай деуге болады. Экономист Арман Бейсембаевтың ойы осыған саяды.

«2016 жылы Трамп күтпеген жерден жеңіске жетті. Ол «қара аққу» болды. Жеңісті қолдан жұлып алғандай болды. Клинтонға қарағанда, 10 миллиондай дауыс аз жинап тұрған-ды. Олар сайлаушылар коллегиясының арқасында жеңді. Қазір ол дауыс берушілер, сайлаушылар коллегиясы тұрғысынан да басымдыққа ие. 247 сайлаушы дауыс берсе, 210 қарсы дауыс берген. Айқын жеңіске жету үшін 271 дауыс алуы керек. Оған жеңіске жету үшін 20 шақты дауыс жинау қажет», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, кім жеңсе де, нарық үшін ешқандай шок әкелмейді. 2016 жылы Трамп билікке келгенде күтпеген әсер болған.

«Ол кезде қор биржасы құлдыраған. Мұнай бағасы да аздап түскен. Бірақ ол тек бірнеше күнге созылды. Артынша барлық көрсеткіштер өз орнына келіп, қайта өсім көрсете бастады. Қысқа мерзім ішінде елеулі өзгерістер болады деп күтпеймін. Нарықтар енді бұған қандай реакция көрсетеді деп ойламаймын. Трамптың билікке келуіне қатысты тәуекелдер осы уақытқа дейін нарықта, бағада ескерілген. Атап айтқанда, мұнай бағасына көп өзгеріс болмайды», – дейді Арман Бейсембаев.

Оның пікірінше, ұзақ мерзімді болашақта ол американдық мұнай өндірушілерге бұрғылауға мүмкіндік береді. Көп мұнай өндіруге жол ашады. Ол бұрын салынған барлық шектеулерді алып тастайды.

«Бұл жерде тосын оқиғалар болуы әбден мүмкін. АҚШ көп мұнай өндіріп, оны әлемдік нарыққа төгетін болса, бұл – ОПЕК картелімен жанжал шығады деген сөз. Америкалықтар ОПЕК-ке қысым көрсетіп, белгілі бір нарықтан қуып шығып, орнын басып қалуы әбден мүмкін. Трамп мұнай нарығын, газ нарығын қайта бөлісуге мұрындық болады», – деп болжайды Арман Бейсембаев.

Оның сөзіне қарағанда, газ нарығын қайта бөлісу көз алдымызда өткен. 2022 жылы АҚШ Еуропа нарығынан Ресейді қуып шықты. Бүкіл Еуропа нарығы америкалық сұйытылған табиғи газға толық көшті. Бір сөзбен айтқанда, америкалықтар Еуропа нарығын жаулап алды. Ресей газын өзінің газымен алмастырды.

«Басқа нарықтарда да осыны күтуге болады. Трамптың сайлауалды уәдесінің бірі – «Мен мұнайды 40 доллар етемін». Демек, «мен мұнайды арзандатамын» деді. Ол мұнай бағасына барлық күшімен қысым жасаса, 40 доллардан да арзандатуға болады деп отыр. Өйткені, америка экономикасына арзан энергия көздері керек. Мұнай неғұрлым арзан болса, АҚШ экономикасына соғұрлым тиімді болады. Бұл АҚШ-қа ғана емес, Қытайға да, Еуропаға да тиімді. Тек бізге тиімсіз», – дейді сарапшы.  

Арман Бейсембаевтың пікірінше,  Трампты біздің жағдайымыз аса қызықтырмайтыны анық. Ол бекерден бекер «Американы қайта ұлы ел жасайық» деп ұран көтеріп отырған жоқ. Ұлы ел жасаудың бір жолы – арзан энергия көздері.

«Ұзақ мерзімді болашақтағы бізге төнетін қатер осында жатыр. Трамп осыған белсеніп кіріссе, мұнай енді қымбат болмайды. Ол кезде теңгеге қысым болады. Мұнай арзандайды. Бізде онсызда бюджет тапшы. Теңге құнсызданып, девальвация болуы мүмкін. Уақытын нақты айтсақ, екі-үш жыл ішінде. Бізге қаржы жетіспейді. Онсыз да ұлттық қордан қаржы алып жатырмыз. Енді одан да көп алуға тура келеді. Мұнай арзандаған жағдайда, ұлттық қорға түсетін қаржы да азая түседі. Ұлттық қор қарқынды түгесіле бастайды. Трамптың президенттік мерзімінде мұнай бағасы арзан болып тұрса, біз Ұлттық қорды тауысамыз. Бұл – үлкен қауіп. Трамп осыны уәде етіп отыр», – дейді экономист.

Оның ойынша, саяси тұрғыдан алғанда, Трамп бізге, Қытайға қысым көрсетуі мүмкін. Ол АҚШ-тың негізгі жауы Ресей емес, Қытай деп біледі.

«Оның билігі кезінде АҚШ пен Қытай арасында ірі қақтығыс болуы әбден мүмкін. Біз үшін бұл да қауіп-қатер. Өйткені, біз Қытайға тәуелдіміз. Ресей де Қытайға қатты тәуелді болып отыр. Қақтығыс болып, одан Қытай экономикасына зиян келетін болса, біз оның зардабын Қытаймен бірге тартатын боламыз. Өйткені, біз импортқа тәуелді елміз. Қытайдан үлкен көлемде импорт әкеліп жатырмыз», – дейді ол.

Арман Бейсембаевтың сөзіне қарағанда, американың саясаты Қытай экономикасының шаңырағын ортасына түсіруді көздейді. Дамып кетіп, Америка экономикасымен бәсекелестікке түскенін қаламайды.

«Қытай экономикасында ірі түйткілдер пайда болса, бұл бізге оңай соқпайды. Бұл–  ұзақ мерзімді тәуекелдер», – деп топшылайды сарапшы.