Жаңалықтар

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» мемлекет кірісіне тағы 6,3 млрд теңге аудармақ

Компания баланысына бүгінгі күні жалпы құны 90,3 млрд теңге болатын 62 актив  берілген / Фото: архив  kursiv.media 

Соңғы үш айда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» арнайы мемлекеттік қорға 6,6 млрд теңге қайтарды. Жуырда өткен аукциондардан тағы 6,3 млрд теңге түседі деп күтілуде. 

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің ақпаратына сүйенсек, компания баланысына бүгінгі күні жалпы құны 90,3 млрд теңге болатын 62 актив берілген. Оның ішінде Дариға Назарбаевамен байланысы бар Астанадағы «Думан» қонақүй кешені, Қайрат Сатыбалдының меншігінде болған «Орион» бизнес орталығы бар. Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлестер, өндірістік база, асхана, жанармай құю станциясы, жер телімдері, тұрғын үй нысандары, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық кеңістіктер мен зергерлік бұйымдар да бар.

«23 шілдеден бүгінгі күнге дейін арнайы мемлекеттік қорға 6,6 миллиард теңге аударылды. Жақында өткен аукциондардан 6,3 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат күтілуде»,-делінген компания хабарламасында.

Бірнеше рет аукционға шығарылған «Думан» қонақүйі бүгінде компанияның басқаруында. Нақтырақ айтақнда үш жұлдызды қонақүйдің үздіксіз жұмыс істеп тұруы активтерді басқару компаниясының құзыретінде. Компания жуырда өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде «Думан» қонақүйіне 37 елден келген 426 қонақ орналастырғанын мәлім етті. Қонақүй бұл кезеңде шамамен 90 миллион теңге сомасына қызмет көрсеткен.

Сондай-ақ, 2024 жылдың бірінші және екінші тоқсандары үшін 39 миллион теңге көлемінде дивидендтер төлеген «ZHARKENT SU» ЖШС мен «Тұлпар» ЖШС табыстарын да атап өтті.  Бүгінде  дивидендтер түрінде қалыптастырылған активтерді басқарудан түскен жалпы табыс 262 миллион теңгені құраған.

 Шетелдегі активтер…

Бірнеше шетелдегі активтер де «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің баланысына өткен. Мәселен,  Дубайдағы 2 вилла,  Францияның Антиб қаласында 4 пәтер, Түркияда 2 үй және 1 пәтер, 5 пәтер, 5 қойма бөлмелері, Мәскеудегі 5 автотұрақ компания баланысында.

Айта кетейік, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының »жалғыз құрылтайшысы – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Активтерді сатудан түскен барлық қаражат арнайы мемлекеттік қорға аударылады.

Қазақстанда заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы заң 2023 жылы қабылданды. Бас прокуратура жанынан арнайы комитетет құрылып, ол заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен айналысады. Ресми дерек бойынша, 2022 жылдарн бері Қазақстанға құны 3,5 млрд доллардан асатын заңсыз актив қайтарылған. Алайда Бас прокуратура заңсыз активтердің кімнен қайтарылып жатқанын ашық айтпайды. Ресми орган өкілдері «оны ашық айтатын уақыт әлі келмеді» деген пікірде.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, қайтарылған активтерді басқарушы компанияның теңгерімінде әлі құны 90,3 млрд теңге болатын 254 актив бар. Олардың арасында жылжымайтын мүлік, сауда орталықтары, акциялар, қымбат көлік пен әшекей бұйымдар бар.