Қазақстанда кәсіпкерлерге жеке Халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) ашуға рұқсат беру туралы жаңалық, қоғамда қызу талқыға түсуде. Ел азаматтарын ең алдымен дербес деректертің қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Қазақстандықтардың тарапынынан туындаған бірнеше сұраққа Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының өкілдері жауап берді.
Жеке ХҚКО не үшін керек?
Бұған дейін халыққа қызмет көрсету орталықтарын тек Қазпошта, банктер мен кейбір нотариустар аша алатын еді. Алайда мұндай орталықтары жоқ, шалғайдағы елді мекен тұрғындары қандай да бір анықтама алу үшін ауданға немесе қалаға қатынауға мәжбүр болатын. Мемлекеттік корпорация енді оның шешімін кәсіпкерлерге беру арқылы шешпекші. Яғни кәсіпкерлік субъектілер серіктес ретінде халыққа қызмет көрсету орталықтарын аша алады.
«Шалғай аудандарда, ауылдарда немесе осы қаланың ішінде ХҚКО алыстау болғандықтан, серіктестеріміз өздеріне сол жерден жеке ХҚКО ашып қызмет көрсетсе болады,- деп түсіндірді «- «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясының ХҚКО-ларды дамыту департаментінің директоры Ерболат Нұртазин.
Екінші деңгейдегі банктер мен ірі компаниялар да ХҚКО аша алады
Десе де мемлекеттік корпорацияның ХҚКО-лары штаттық режимде жұмысын жалғастыра береді. Қызмет алушылар мемлекеттік қызметті алатын орынды таңдауға құқылы. Қазірдің өзінде жеке ХҚКО ашуға ниет танытып, серіктес болуға 150-ден астам өтінім келіп түскен. Әсіресе, Алматы, Астана және Алматы облыстарының кәсіпкерлік субъектілерінің қызығушылығы жоғары. Азаматтарға арналған үкімет” Мемлекеттік Корпорациясы олардың барлығы мұқият іріктеуден өтетінін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктермен, ірі компаниялармен де серіктестік қарастырылады. Мемлекеттік корпорацияның серіктесі болып тек сенімді, тексерілген және клиентке бағдарланған кәсіпкерлік субъектілері ғана бола алатыны атап өтілді.
Жеке меншік ХҚКО ашылса, азаматтардың деректері қалай қорғалады?
Қоғамды алаңдатып отырған ең басты сұрақ жеке деректердің қорғалуы. ХҚКО-ларды дамыту департаментінің директоры Ерболат Нұртазиннің айтуынша, Деректерге қол жеткізу механизмі ХҚКО-тағы сияқты болатынын айтады. Бизнесмендер қазақстандықтардың жеке деректеріне қол жеткізе алмайды. Олар тек құжаттарды қабылдап, өтініш беру функцияларын атқарады.
«Біз ХҚКО мемлекеттік коррпорация әр серіктеспен келісімшартқа отырамыз. Келісімшартта барлығы жазылатын болады. Ал, дербес деректер бойынша біз ХҚКО ақпараттық жүйеге берілетін болады. Ол жерде ақпарат ашылмас бұрын келген азамат қызметті алу үшін биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек болады немесе SMS хабарлама арқылы өзінің рұқсатын береді. Содан кейін ақпарат ашылатын болады. Қызметті алғаннан кейін жүйе жабылады. Рұқсатын бергенге дейін ешқандай ақпарат ашылмайды»,- деді департамент директоры Нұртазин.
Дербес деректерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік бар ма?
Мемлекеттік корпорация мәліметінше, дербес деректерді заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, 10-нан 5000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандық кәсіпкерлер жеке халыққа қызмет көрсету орталығын ашып, мемлекеттік қызмет арқылы табыс таба алатыны жайлы хабарлаған болатынбыз.