Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Трамптың жеңісі Қытайдың жағдайын қиындатады, ФРЖ басшылығына тықыр таянды, мұнай нарығы қалай құбылмақ

Трамп танцует
Трамптың жеңісі Қытайдың жағдайын қиындатады / REUTERS/Jay Paul

Дональд Трамптың «Ақ үйге» қайта оралуының салдары қандай болмақ? Үндістан мен Жапония акциялары өсіп, Қытай индекстері керісінше төмендеп жатыр. Инфляцияның өсуіне бәс тіккен инвесторлар облигациялар кірісін арттыра түсті. ФРЖ-нің болашағы белгісіз, себебі Трамп Джером Пауэллды төрағалықтан тайдыру үшін реформалар жүргізуі мүмкін. 

Трамптың жеңісінен кейін облигациялар кірісі арта түсті

Дональд Трамп президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін сәрсенбі күні АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі өсті. Себебі инвесторлар инфляцияның өсетініне сенеді, деп хабарлады Bloomberg.

Әсіресе 30 жылдық облигациялар қымбаттады, олардың кірістілігі 24 базистік тармаққа өсіп, 4,68%-ға жетті. 10 жылдық облигациялар кірістілігі де 21 базистік тармаққа көтеріліп, 4,48%-ды құрады. Бұл 2024 жылғы шілдеден бергі ең жоғары көрсеткіш. «

«Облигациялар нарығы белсенді өсу мен инфляцияның жоғарылауын күтіп отыр. Мұндай жағдайда ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендету жоспарын тоқтатуы немесе бәсеңдетуі мүмкін», – деді Франклин Темплтон институтының басшысы Стивен Довер.

Қытай индекстері төмендетіп, жапон акциялары қымбаттады

Гонконг акциялары мен валюталары Трамптың «Ақ үйге» оралуынан кейін айтарлықтай төмендеді. Ал Жапония мен Үндістандағы технологиялық компаниялардың акциялары өсті, деп хабарлады Asia Financial. Жалпы, Азия нарықтарда әртүрлі бағыттағы динамика байқалып отыр.

Shanghai Composite индексі кеше аздап өскенімен, кешке қарай 0,09%-ға төмендеді. Қытайдың ірі компанияларының акциялары кіретін CSI300 индексі де 0,5%-ға кеміді. Құрлықтық Қытайдағы бағалы қағаздарды бақылайтын Hang Seng China Enterprises индексі тарифтердің көтерілуіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығынан кейін 2,84%-ға төмендеді.

Трамптың жеңісі Қытай үшін «сауда соғысын» күшейтіп, экономикаға жаңа қиындықтар әкелуі мүмкін. 2016-2020 жылдары Трамп Қытайға қатысты қаржылық санкциялар, технологияларға қолжетімділікті шектеу сияқты бірқатар шараларды бекіткен болатын.

Санкциялар қаупі Гонконгта тіркелген қытайлық технологиялық компаниялардың акцияларының күрт төмендеуіне әкелді. Электронды коммерция алыбы JD.com акциялары 5,2%-ға, ал Alibaba мен Meituan акциялары сәйкесінше 4% және 3,7%-ға төмендеді.

Дегенмен АҚШ-тағы жағдай Жапония акциялары үшін оң әсер етті. Инвесторлар микросхемалар мен қорғаныс компанияларының акцияларын сатып алды. Бұл Nikkei индексін үш апталық максимумға (+2,61%) көтерді. Keң ауқымды Topix индексі 1,94%-ға өсті. Advantest акциялары 8%-ға қымбаттады. IHI, Mitsubishi Heavy Industries және Kawasaki Heavy Industries секілді қорғаныс компанияларының акциялары да күрт қымбаттады.

Трамптың жеңісін Үндістан да оң қабылдады. Мұнда технологиялық компаниялар акциялары кейінгі төрт айдағы ең жоғары өсімді көрсетті.

Трамптың таққа отыруы ФРЖ қызметіне әсер етуі мүмкін

Bloomberg мәліметінше, нарықта Дональд Трамптың Федералды резерв жүйесіндегі (ФРЖ) ставкаларды анықтау шешімдеріне әсер етуі және оның саясатына араласуы мүмкін деген алаңдаушылық артып келеді. Президенттің сайлауалды бағдарламасы «сауда соғыстары» мен мигранттарға шектеу қоюға бағытталған. Бұл бағалардың, жалақының және федералдық бюджет тапшылығының өсуіне ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жағдай ФРЖ-нің инфляцияны бақылау міндетін қиындатады.

Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде ФРЖ төрағасы Джером Пауэллге жиі сын айтқан болатын. Бұл сындар әлі де жалғасып келеді. Мәселен, тамызда ол Пауэллдің ставкаларға қатысты шешімдерінде «бірде асығыс, бірде кешігіп әрекет етті» деп айтқан еді. Сондай-ақ Трамп АҚШ президентінің де бұл мәселеде «дауысы болуы керек» деп санайды.

Трамптың риторикасы оның ФРЖ-нің автономиясын шектеуге, яғни Федрезервтің атқарушы биліктен тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуіне мүмкіндік беретін көпжылдық тәжірибені бұзуға тырысуы ықтимал екенін көрсетеді. Алғашқы мерзімінде Трамп тіпті Пауэллді жұмыстан шығаруды қарастырған болатын. Ғалым-заңгерлердің пікірінше, бұл шешім бұрын-соңды болмаған әрі заң тұрғысынан күмәнді болар еді.

Мұнай нарығының болашағы белгісіз күйде

CNBC мәліметінше, Трамптың жеңісінен кейін АҚШ-тың мұнай өндірушілері шикі мұнай өндіруге қойылған реттеулер жеңілдейді деп үміттеніп отыр. Бұл ұсыныстың артуына, тиісінше бағалардың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, бірнеше фактор бар.

Мысалы, Трамп Иран мен Венесуэланың мұнай компанияларына қосымша санкциялар енгізуге уәде берген. Бұл әлемдік нарықтан белгілі бір көлемде мұнай баррельдерінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар «сауда соғыстарының» күшеюі жаһандық экономиканың өсуін бәсеңдетіп, мұнайға деген сұранысты азайтуы ықтимал.

Goldman Sachs аналитиктері Трамптың мұнай секторына ықпалы біржақты емес екенін атап өтті. Мұнайға сұраныстың төмендеу және бағалардың құлдырау тәуекелдері әлемдік ЖІӨ-нің құлдырау мүмкіндігімен байланысты. Себебі сауда шиеленісі күшейсе, бұл экономикаға теріс әсер етуі ықтимал.

Energy Aspects компаниясының негізін қалаушы Амрита Сен мұнымен келіспейді. Ол Джо Байден кезінде санкциялық тәртіптің әлсірегенін айтты. Мысалы, ирандық мұнай баррельдері санкцияларға қарамастан нарықта кеңінен қолданылып отыр. Егер Трамп өзінің бағдарламасын жүзеге асырып, санкцияларды нақты орындайтын болса, нарықта күніне миллион баррельге дейінгі көлемде иран мұнайы жетіспеуі мүмкін.