Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трампқа қоңырау шалып, құттықтағаннан кейін кореялық кеме жасайтын компаниялардың акциялары қымбаттады.
Мәселен, Hanwha Ocean компаниясының акциялары Сеулдегі саудада 15%-ға өсті. Бұл сәуір айынан бергі ең қомақты өсім, деп жазды Bloomberg. Әлемдегі кеме жасау саласындағы ең ірі корпорация Hyundai Heavy Industries акциялары 16%-ға, ал оның бәсекелесі Samsung Heavy Industries акциялары 8,4%-ға көтерілді.
Аталған үш компания MSCI Asia Pacific индексінде өсім көрсеткен көшбасшылар болып тұр. Ал индекстің өзі екінші күн қатарынан төмендеді.
Трамп әріптесімен телефон арқылы тілдесу барысында Оңтүстік Кореяның АҚШ-тың кеме жасау саласына қалай көмектесе алатынын талқылауға асығып отырғанын айтты, деп хабарлады Reuters. Екі ел басшылары жақын арада кездесуге келісті.
Трампқа кеме жасау саласы не үшін керек?
АҚШ-тың кеме жасау саласында бұрынғы үстемдігі төмендесе де, әлі де болса жетекші теңіз державасы болып саналады. Әскери кеме өндірісіндегі құлдырау АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Ал Қытайдың теңіздегі қуаты күшея түсті.
Кейінгі жиырма жылда Қытай әскери-теңіз флотын үш есеге ұлғайтып, 2030 жылға қарай 400 кемеден асыруды жоспарлап отыр. АҚШ Әскери-теңіз күштері басшысы Карлос Дель Тороның айтуынша, қазіргі таңда Қытай әлемдегі ең ірі кеме жасаушы ел ретінде әлемдік нарықтың 40%-дан астамын иемденіп отыр.
Қытаймен бәсекелесу үшін «Ақ үй» одақтас елдердің, атап айтқанда, Оңтүстік Корея мен Жапонияның кеме жасау саласындағы жетістіктеріне сүйенуге мәжбүр.
Осы жылдың сәуір айында АҚШ Әскери-теңіз күштерінің басшысы кеме жасау компанияларын АҚШ-қа инвестиция салуға шақырды. Hanwha Ocean бұл шақыруға алғашқылардың бірі болып жауап берді. Маусым айында компания АҚШ-тағы бұрынғы әскери-теңіз базасын 100 млн долларға сатып алып, алғаш рет америкалық әскери кемені жөндеу мен қызмет көрсету келісімшартына ие болды. Оның бәсекелес Hyundai шілде айында дәл осындай қызметтерді көрсетуге рұқсат алды.
Айта кетейік, Дональд Трамп АҚШ Президент сайлауында 277 дауыспен қарсыласы Камала Харристан басым түскен болатын.