Қазақстанның Каспий теңізіндегі ең ірі мұнай-газ кен орны – Қашағанның су жинайтын бассейнінде жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бұл туралы кен орны операторы NCOC хабарлады.
«Жобаның мақсаты – су жинау бассейнін Каспий теңізінен толығымен оқшаулау және оны тұйық (айналмалы) сумен жабдықтау жүйесінің жинақтаушысы ретінде пайдалану. Су жиналатын бассейн – теңіз суы қорын жинау мен сақтауға арналған. Бассейндегі су техникалық қажеттілік пен өрт сөндіру, тұщыландыру қондырғысы және техникалық суды жылыту блогы үшін қолданылады», – деп түсіндірді оператор «Курсив» газетіне берген жауабында.
NCOC бассейнге 9 және 10-модульдің ластанбаған аумағынан шартты түрде таза жаңбыр суы ағызылатынын атап өтті. Сонымен қатар, тұщыландыру қондырғысынан, өртке қарсы насостар, электросу жылытқышы блогында су мен жабдықтар қатпас үшін қолданылған су жіберілген.
Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі салдарынан қос су алу арнасы ұзақ уақыт жабық болған. Бұл ретте компания бассейндегі су қорын теңіз суымен толтықрып отырады.
Су жиналатын бассейн оқшау тұруы үшін ысырма тесіктері көміртекті пластиналармен дәнекерленіп жабылған. Осыдан кейін 2024 жылдың сәуір-тамыз айларында бассейннің тығыздығы тексерілген. Нәтижесінде бассейннің теңіз акваториясынан оқшау тұрғаны және бүтін екені расталған.
Бассейн Атырау қаласынан шамамен 80 км оңтүстіктегі D аралының ішкі аумағында орналасқан. Бұл аралда мұнай-газ өндіріледі. Сондықтан компания бассейн мен теңіздің арасында қосымша кедергі болатынына сенеді.
NCOC су алу бассейніне тікелей жақын су алу арналардың қабырғаларын, сондай-ақ қадалар құлпын тығыздауды жоспарлап отыр. Қабырғалар бентонит маты арқылы оқшауланып, құммен толтырылады. Бұл жұмыс 2025 жылдың сәуір-маусым айларында жүргізілмек. Жоба құны нақтыланбаған.
Компания кен орны аймағындағы суға әр жылдары 6-32 түрлі қанатты қонатынын атап өтті. Сондай-ақ, кен орны маңын мекендейтін итбалықтардың саны өзгеріп тұратынын айтады. Оператор Қашаған кен орны маңында итбалықтардың әу бастан топ болып жүрмейтін деп сендірді.
Солтүстік Каспий акваториясында итбалықтар жиі қырылып жатады. Мәселен, 2023 жылдың қазан айында ондаған итбалықтың өлексесі жағалауға шығып қалған. Ал 2024 жылдың қазан-қараша айларында 300-ден астам өлексе табылды.
Экология министрлігі су сынамасын әбден зерттеп алмай, итбалықтардың өліміне не себеп болғанын айту әлі ерте деп мәлімдеген.