ҚТЖ 405 млн долларға Wabtec локомотивтерін сатып алады: компанияның локомотив паркі 70% жаңармақ
Wabtec локомотивтерін сатып алғаннан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының локомотив паркі 70,7% жаңармақ. Бұл туралы ҚТЖ-ның КursivМedia сауалына берген жауабында жазылған.
ҚТЖ-ның Wabtec Corporation ұзақмерзімді келісімі аясында 553 локомотив сатып алынып жатыр.
«Wabtec корпорациясымен «ЛҚЗ» АҚ базасында тепловоздарды сатып алуға және жеткізуге арналған ұзақ мерзімді шартқа сәйкес және қосымша келісімдерді ескере отырып, бүгінгі күні ТЭ33А/АС сериялы магистральдық тепловоздардың 451 бірлігін, ТЭП33А сериялы жолаушылар тепловоздарының 83 бірлігін, ТЭМ11А сериялы маневрлік тепловоздардың 19 бірлігін сатып алынады», – делінген жауапта.
Келісімшарт кестесіне сәйкес, 2026 жылға дейін үш түрлі 65 локомотив жеткізіледі.
«Қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылдың соңына дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ үшін ТЭ33А/АС сериялы магистральдық тепловозының тағы 54 бірлігін, ТЭП33А сериялы жолаушылар тепловозының 11 бірлігін, ТЭМ11А сериялы маневрлік тепловозының 2 бірлігін жеткізу жоспарланған», – деп нақтылайды ҚТЖ.
Нәтижесінде ҚТЖ-ның локоматив паркі 70 пайызға жаңарады. Бұл локомотивтер ұлттық компанияның өз қаражаты мен қарыз есебінен сатып алынады.
Сонымен қатар жыл басынан бері, «Қазтеміртранс» АҚ-ның паркі 814 жүк вагонына жаңартылған. Тек қазан айында қазіргі стандарттарға сәйкес келетін 465 жартылай вагон сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 536 жартылай вагон жеткізу жоспарланған Былтыр 242 жүк вагоны алынса, 2025 жылы 1200-ден астам жүк вагоны жеткізілмек. Жылжымалы құрам астық, көмір және басқалары сияқты әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдауға қолданылады.
Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» АҚШ-тың Wabtec компаниясынан 405 млн долларға локомотив сатып алатыны хабарланған. Локомотивтер америкалық технологиялар негізінде жасалғанымен, Қазақстанның Астана қаласындағы «Локомотив құрастыру зауытында» құрастырылады.
ҚТЖ-ның 2024 жылдың басындағы қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткеніне қарамастан, компания өкілдері мен «Самұрық-Қазына» бұл қарызды аса қомақты борыш деп санамайды. Олардың айтуынша, ҚТЖ 2020 жылдан бері пайдаға шығып, қордаланған шығынды кезең-кезеңімен өтеп жатыр.