Ресейлік «Росатом» компаниясы Қазақстанда АЭС құрылысын салатын халықаралық консорциум жұмысына атсалысуға дайын. Бұл туралы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.
«Ресей көмектесуге дайын ғана емес, Ресей қазіргің өзінде өз ұсынысын жасап қойған. Біз Президент Тоқаевтың бастамасымен өткізілген референдумды бақылап отырдық, оның атом энергетикасын дамыту жоспары қолдау тапты. «Росатом» бұл мәселені шешуге қажетті өз құзыретін ұсынуға толығымен дайын», – деді Лавров.
Сонымен қатар ол Ресей басқа мемлекеттердің агенттіктері және құрылымдарымен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
2024 жылдың 6 қазанында өткен референдумда қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берді. Қазақстанда атом электр станциясын салуға үміткер 4 вендер компания іріктеліп алынды. Олардың қатарында француздың EDF компания қытайлық CNNC, ресейлік Росатом мен оңтүстіккореялық KHNP компаниясы аталды.
Алайда кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС-ті жеке бір елге тиесілі компания емес, халықаралық консорциум салуы мүмкін екенін айтты.
Ал консорциумға қандай мемлекет пен қандай компаниялар енетіні 2025 жылы белгілі болады. Вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, станцияның жоба-сметалық құжатын дайындауға ғана 1,5 жыл кетеді. Үкімет АЭС-ті Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында салуды жоспарлап отыр.