Банк пен қаржы

Ұлттық қорға мұнай-газ секторынан түсетін қаржы жылдан жылға азайып барады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылдың 10 айында мұнай-газ саласынан Ұлттық қорға тікелей салық түсімдері 3,2 триллион теңгені немесе 7 миллиард долларды құрады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 10 пайызға кем.

Мұнайдан түскен салық азайып барады

Қазақстанның болашаққа деп жинап отырған қорына қаржы негізінен мұнай-газ секторындағы кәсіпорындар төлеген салық пен қорды басқарудан алынған инвестициялық табыстан құралады.

Биыл 10 айда Ұлттық қорға жалпы 5,8 трлн теңге қаржы түскен. Соның 3,2 трлн теңгесі – мұнай секторы ұйымдарынан түскен тікелей салық. Өткен жылдармен салыстырсақ, мұнай секторынан түскен қаржы жылдан жылға азайып келе жатқанын байқауға болады.

Мәселен, 2023 жылы қорға мұнай-газ секторынан 3,6 трлн теңгеге жуық салық түскен. Яғни, былтырғы 10 аймен салыстырғанда қорға мұнайдан түсетін қаржы 10 пайыз азайғаны байқалады. Ал 2022 жылы мұнайдан 4,9 трлн теңге түскен болатын. Алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырсақ, биыл мұнай-газ саласынан қаржы Ұлттық қорға 34,4% кем.

Инвестициялық табыс құтқарып тұр

Мұнайдан түскен қаржы азайғанымен, Ұлттық қордағы қаражатты басқарудан 2024 жылдың 6 айында 2,5 трлн теңге инветтабыс қалыптасқан. Есепте тек жарты жылдағы табыс көрсетілгенімен, биыл қорға түскен инвестициялық еселеп артқаны байқалады.

Мәселен, 2023 жылдың 6 айында қордағы қаржыны басқарудан 838 млрд теңге инветтабыс түскен. Яғни биыл инвестициялық табыс 3 есе өскен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш тіпті теріс қалыптасып, 634 млрд теңге минусқа кірген.

Ұлттық қордан алынатын қаржы көлемі артты

Қорға 10 айда 5,8 трлн тгең түскенімен, биыл қордан алған қаржы да қомақты. Жыл басынана бері 4,67 трлн теңге алынған. 2023 жылдың 10 айымен салыстырғанда, 1 трлн теңге артық. 4,67 трлн теңгенің 2 трлн теңгесі – кепілдендірілген трансферт болса, 2,65 трлн теңгесі – нысаналы трансферт.

Былтыр қаңтар-қазан айлары аралығында Ұлттық қордан 3,7 трлн теңге қаржы алынған. 2022 жылдың 10 айында пайдаланылған қаржы 4 трлн теңгені құраған. 12 млрд теңгесі қорды басқару және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға кеткен.

Нәтижесінде 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, Үлттық қорда 31 трлн теңгеге жуық қаражат жинақталған. Жыл басында 29,85 трлн теңге болған. Яғни, 10 айдың ішінде қордағы қаржы 1,13 трлн теңгеге ғана өскен. Оған биыл қордан бюджетке қомақты қаржы бөлінуі себеп.

Ұлттық қорға мұнайдан түсетін қаржы одан әрі азая ма?

Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. АҚШ-тағы сайлаудың нәтижесі де қара алтын бағасына әсер етіп, мұнай бағасы сәл арзандағанымен, 7 қарашада қайта қалпына келді. Қазір Brent маркалы мұнай бағасы 75 доллардан саудаланып жатыр.

КursivMedia-ға пікірбілдірген сарапшылар алдағы жылдары мұнай бағасы арзандауы мүмкін деп тұжырымдайды. Өйткені АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп елдегі мұнай өндірісін арттыруға уәде берген. Егер АҚШ мұнай өндірісін арттыратын болса, мұнай бағасы арзандайды. Ал мұнайдың арзандағаны – Ұлттық қорға мұнай кәсіпорындарынан түсетін салық та кемиді деген сөз.