Валюта нарығында доллардың саудасы қызып тұр. Биыл 10 айда сауда-саттық  50,5%-ға өскен

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстанның валюта нарығындағы доллар саудасы – Қазақстанның қаржы жүйесінің маңызды бөлігі. Мұнай бағалары, геосаяси жағдай, АҚШ долларына деген сұраныс пен ұсыныс, инфляция деңгейі, әлемдік экономиканың ахуалы және Ұлттық банк саясаты сияқты факторлар доллар бағамының өзгеруіне тікелей әсер етеді.

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың теңгеге қатысты бағамы күн сайын өзгеріп отырады, бұл елдегі негізгі валюта бағамының көрсеткіші болып табылады.

Тұрақсыздық

2024 жылы Қазақстанның валюта нарығындағы АҚШ доллары бағамы тұрақсыз болып, бағам құбылып тұр. Дегенмен, жыл басынан бері доллар бағамы мұнай бағасының өсуі, инфляция, импорттың артуы және сыртқы борыштық төлемдер секілді бірқатар факторлардың әсеріне ұшырады. Қазан айында доллар бағамы 481-ден 484 теңгеге дейін жетті, ал қарашада кейбір болжамдар бойынша 489 теңгеден жоғары мәнге көтерілді.

                                                                         

Қазақстан Қор биржасында доллардың саудасы өскен

2024 жылыдың қаңтар-қазан айларында валюта нарығында доллардың (KZT/USD) саудасы 44,1 миллиард долларға жеткен. Бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  (+14,8 млрд долларға) немесе 50,5% -ға  артқан. Биылғы сәуір, мамыр айларында доллар саудасы айына 5 млрд  және 5,1 млрд долларға дейін жетті. Әсіресе валюта нарығында сауда саттықтың ең жоғары рекордттық мәні қазан айында тіркеліп, 6,1 млрд долларды құрады.                                                                        

Ұлттық банк валюта нарығына жиі араласуда

Ұлттық Банк доллар бағамының тұрақтылығын сақтау үшін нарыққа жиі араласуда. Мысалы, қазанда Ұлттық қордан шамамен 1,3–1,4 миллиард доллар көлемінде валюта сатылды, сондай-ақ зейнетақы қорларының валюталық активтерін қолдау үшін 850–950 миллион доллар сатып алынды. Бұл шаралар теңгенің күрт әлсіреуіне жол бермей, белгілі бір деңгейде тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Ал , қараша айында бас банктің мәліметінше Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сай, Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферттер бөлуге 2024 жылғы қарашада Ұлттық қордан 1,2 млрд АҚШ долларынан 1,3 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады. 

Қазақстанның Ұлттық банкі ұлттық қордың валютасын сату арқылы валюта нарығына белсенді әсер етеді. Валюта нарығындағы (USD/KZT)  саудасында Ұлттық банк ірі ойынша ретінде саналып отыр. Оның нарықтағы үлесі 19-22% аралығында немесе әрбір бесінші ойыншы ретінде қалыптасып отыр.

Ұлттық қорға мұнай-газ секторынан түсетін қаржы жылдан жылға азайып бара жатқанын жазып едік.

Сондай-ақ оқыңыз