Астаналық оқушылар ауа райына байланысты қашықтан оқу форматына көшірілді
7 қарашада Астанада ауа райының күрт құбылып, қатты жел тұруына байланысты 0-7 сынып оқушылары қашықтан оқитын болды.
«2024 жылғы 7 қараша күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-7 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», – делінген елорда білім басқармасының хабарламасында.
Басқарма ақпаратына сүйенсек, бұл тек бір күнге ғана арналған кесте. Алдағы күндері оқу форматы қандай болатыны туралы нақты ақпарат берілмеген.
Білім басқармасы сағат 11.00 шамасында 9 сыныпқа дейінгі оқушылардың да сабағы қашықтан оқытуға ауыстырылғанын хабарлады.
Айта кетейік, 6 қарашада желдің қатты соғуына байланысты елордада сабақ болатын уақыт қысқарған. Яғни оқушылар бір сабақта тек 30 минут қана отыратын болған. Білім басқармасы оқушыларды сабаққа жалғыз жібермеу қажет екендігін ескерткен.
Қазгидромет болжамына сүйенсек, 7 қарашада қалада жел 30 м/с дейін күшеюі мүмкін.