Қазақстандық 6 компания Ұлыбритания санкциясына ілікті

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Қазақстанда тіркелген 6 компания Ұлыбританияның санкция тізіміне кірді. Корольді компанияларды Украинадағы соғыс кезінде Ресей әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсетті деп күдіктеніп отыр.
Қазақстандық 6 компания Ұлыбритания санкциясына ілікті / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда тіркелген 6 компания Ұлыбританияның санкция тізіміне кірді. Корольді компанияларды Украинадағы соғыс кезінде Ресей әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсетті деп күдіктеніп отыр.

Корольдік 7 қарашада санкциялар тізімін жаңартты. Оған негізінен Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Қытай және Эстония компаниялары кірген. Бұл жолғы санкциялар пакетіне 2023 жылдың мамырынан бері ең көп компания енген. 56 компания.

«Бүгін Ұлыбритания Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені мен Ресей қолдайтын жалдамалы топтарға қарсы жаңа санкциялар толқынын жариялады», – делінген хабарламада.

Бұл жолы Қазақстаннан санкция тізіміне 6 компания енген: Kazstanex (Абрамов Василий Витальевичке тиесілі), Zapchasttrade (Кашиков Алмаз Нуритдинұлына тиесілі), CPS Energy (Абакиров Константин Калыгуловичке тиесілі), Stanex Group (Пермикин Сергей Ивановичке тиесілі), Rabadaziya (Богославский Денис Анатольевичке тиесілі) және TawKZ (Мураитов Дархан Саматұлына тиесілі).

Олар сауда-саттықпен айналысады. Машина бөлшектерін, өндірістік құрылғыларды және қозғалыс жүйелерін сатады. Алматы, Астана және Өскемен қалаларында тіркелген.

Британия үкіметі компанияларға нақты не себепті шектеу қойғанын жалпылама түсіндіріп кеткен.

«Санкциялар Ресей әскери күштеріне тауар жеткізетін компанияларға салынып, Путин бастаған соғысты жүргізуге шектейді. Қытайда, Түркияда және Орталық Азияда орналасқан компаниялар соғысқа қажет машиналар, микроэлектроника және дрон компоненттерін жеткізумен немесе өндірумен айналысады», – делінген хабарламада.

2024 жылдың шілдесінде АҚШ ресейлік жеке тұлғалар мен компанияларға қатысты санкция режимін өзгертті. Мұнда Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескен компанияларға қайталама санкциялар салынатыны жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз