Қазақстанда шығарылған сот шешімдерінің шамамен 97% шағым келіп түспейді. Бұл туралы Сенат отырысынан кейін баспасөз алаңына шыққан Жоғары сот судьясы Нұрсерік Шәріпов айтты.
Журналистер сауалына жауап беру барысында Шәріпов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот жүйесіне қатысты сөзіне пікір білдірді.
«Әрине іс қарау кезінде қателік жіберетін судьялар сот билігіне ғана емес, мемлекеттік билікке деген сенімге селкеу түсіреді. Мұнымен ешкім таласа алмайды. Мұндай қателіктер болмауы тиіс. Жоғары сот кеңесі судьялардың жұмысын қадағалап, олардың жасаған қателіктеріне баға беріп, оларға қатысты шара қолданып отырады», – деді судья.
Дегенмен сот билігіне қатысты сын айтатын кезде нақты дәлелдерге сүйеніп, статистиканы қарау керек екендігіне назар аударды.
«Президенттен мұндай баға есту жағымды деп айта алмаймын. Алайда қазір сенім ұғымын талдап көрейікші. Сот жүйесіне сенім туралы айтқан кезде нақты қандай статистикаға сүйеніп жатқандарын білгім келеді. Қазақша айтқанда, жаппай сот шешімімен келіспейді деген әңгіме айтылады. Алайда қазір Қазақстанда соттар шығарған шешімнің 5% ғана шағым түседі», – дейді Шәріпов.
Оның айтуынша, 2024 жылдың 9 айында 1 миллион азаматтық іс қаралған. Олардың 40% көбі медиациямен аяқталған. 250 мың астам іс бойынша шешім шығарылған. Оның 12-15% ғана апелляциялық, 2% ғана кассациялық шағым түскен. Яғни нақты цифрлармен есептеген кезде 94-97% іс бойынша азаматтар сот шешімімен толыққанды келіседі.
«Сосын тағы бір мәселені айта кетейік, сотқа келген әр тараптың өз шындығы болады. Үкім шықты екен деп олар өз ойынан айнымайды. Сот олардың қалауымен емес, заңның аясында шешім шығарады. Сондықтан оның шешімі бәріне бірдей ұнай бермейді», – деді судья.